ШҚО: Тұрғындар туристік аймақты тастап кетуге мәжбүр

Еліміздің Шығыс шекарасына жақын орналасқан Ұранқай ауылы қаңырап барады.

Тұрмыс-тіршілігі төмендей бастаған отбасылар табиғаты әсем Марқакөл жағалауынан кетуге мәжбүр. Жаз айларында қорық аумағына келетін туристерді де көп кездестірмейсіз. 

Бір қарағанда жер жәннаты дерсіз. Өйткені мұнда тау да бар. Тас та бар. Талда да бар. Көгал да бар. Көпшілік туристің арманына айналған, 1400 метр биіктікте орналасқан ерке Марқакөл де осында. Бірақ өкінішке қарай жергілікті халық саны жыл өткен сайын азайып барады. Оны мына қаңырап бос қалған ескі үйлерге қарап-ақ айта аламыз. Себеп– екеу. Инфрақүрылым мен сол баяғы жыр болған жол жоқ. Ал бұл өз кезегінде ішкі экотуризмнің дамуына кедергі келтіретіні сөзсіз.

Жергілікті тұрғындардың сөзіне сенсек, ауылда небәрі 100-ге тарта үй қалыпты. Бірақ оның жартысынан астамында адам тұрмайды. Кейбір көшелерінде тірі жан жоқ. Есесіне үйін сатып жатқандар көп. Аулада ойын баласын көрмейсіз. Өйткені мұнда балабақша түгілі мектеп жоқ. Бұрынғысын апатты жағдайына байланысты биыл сүріп тастаған. Жаңасы қашан салынатыны белгісіз, дейді ауыл тұрғыны Сағымбек Дөкеев.

Сағымбек Дөкеев, Ұранқай ауылының тұрғыны:

– Жеңіл көліктер жүре алмайды. Тау-тас. Одан кейін мына мектеп мәселесі. Мектепті жауып тастады. Балаларымызды қай жерде оқытатынымызды білмей жатырмыз. Жаңасын былтырдан бері салып береміз деп жатыр. Әлі жоқ.

Азын-аулақ малы барлар ғана қалған мұнда. Кейбірі баспанасын қыдырып келген туристерге жалға береді. Мәселенің жай-жапсарын Күршім ауданының әкімінен білдік.

Дулат Қажанов, күршім ауданының әкімі:

– Мектеп бойынша қазір типовой проект жасалып жатыр 100 орынға. Мектеп енді жаңағы типтік проектісі биыл бітсе, келесі жылы салынады. Нақты салынады келесі жылы. Бұрынғы Теректі ауылынан Ақжар ауылының ортасы кем дегенде бір млрд ақша керек. Ол 32 шақырым.

Ақжайлау мен Ұранқай аралығы 36 шақырым. Жол талғамайтын көлікпен өтудің өзі бір мұң. Ал бұл елді мекеннің таулы аймақта орналасқанын ескерсек, әр бұрылысы қауіпті. Әкімнің айтуынша, оны жөндеуге тағы шамамен 1 млрд теңге қаржы қажет. Жоба карантинге байланысты тұралап қалған. Жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген кезде ғана мәселе қолға алынады.

БАБАЛАР ІЗІМЕН: ҰРАНҚАЙ АТАУЫНЫҢ ТАРИХЫ

Жалпы халық арасында Урунхайка атауының шығу тарихына қатысты әр түрлі пікір айтылады. Бірақ өкінішке қарай көпшілік қалмақ тілінен алынған дейді. Жиһанкез Сапар Ысқақовтың айтуынша, бұл әсте қате ұғым.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

Урунхай деген сөз қайдан шықты деп тексере келген уақытында біз тарихтан білетініміз бірінші Рашид-ад-Дин арабтың ғалымы соның жазып кеткені бар. Урунхайды ол жергілікті тайпаларға жатқызады. Олар көбіне Тува республикасында тұрады. Олар түркітілдес халықтар. Ал бұл арада тұрған тайпалар да түркітілдес тайпалар. Бұл арада біздің бабаларымыз тұрған.

«Бабалар ізімен» экспедициясы ендігі сапарын Алматы облысында жалғастырады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Қуаныш Қожабеков