«Каспий антитеррор-2021» бірлескен оқу-жаттығуы аяқталды

Ақтауда жұмысшыларды тасымалдаған кемеге шабуыл жасалды.

Қаскөйлер су көлігінде болған мұнайшыларды кепілге алып, қондырғыны басып алды. Төтенше оқиға орнына шұғыл жеткен арнайы жасақ лаңкестердің көзін жойып, адамдарды босатты. 2 кезеңнен тұратын «Каспий Антитеррор-2021» бірлескен оқу-жаттығуы осылайша сәтті аяқталды.

Бірлескен оқу-жаттығулар Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және қазақстандық жауынгерлердің қатысуымен өтіп келеді. Бұл жолы бағдарламаға сәйкес, кемедегі 10 адамды 6 лаңкес кепілге алды. Сондай-ақ қарулы топ жүзбелі бұрғылау қондырғысына шабуыл жасады.

Оқиға орнына жүрдек шекара катері мен тікұшақ келеді. Жүрдек катерден теңізге түскен сүңгуірлер дыбыссыз жетіп, кемедегі қаскөйлердің көзін жойды. Су көлігіне кіріп, кепілдегі адамдарды босатты. Осы мезетте жүзбелі бұрғылау қондырғысының төбесіне тіқұшақтан арнайы жасақ арқанмен түсті.

Кеме сыртына құлап кеткен адамды құтқару, теңізге төгілген мұнай қалдығын жинап алу сәті.

Атыс кезінде бас сауғалап теңізге секірген бір адамның өмірін қайықтағы құтқарушылар сақтап қалды. Жүзбелі қондырғы лаңкестер қолында болған сәтте су бетіне төгілген мұнай арнайы құрал көмегімен жиналып алынды. 

Қанат Оразқұлов, ҚР ҰҚК Терроризмге қарсы орталықтың штаб бастығы:

– 8 елдің құзыретті органдарына қарайтын арнайы жасақтар бірлескен оқу-жаттығудың келесі кезеңі Ақтау теңіз айлағында өтті. Бұрғылау қондырғысы мен кемедегі адамдарды босатып, лаңкестердің көзін жоюға штаб шешімімен ҰҚК, Ұлттық ұлан, ІІМ-гі, Қорғаныс министрлігінің, сондай-ақ Ресей Федерациясының арнайы операциялар күштері тартылды.

Андрей Новиков, ТМД терроризмге қарсы орталығының жетекшісі:

– ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің терроризмге қарсы орталық басшылығы барлық жұмылдырылған бөлімшелердің іс-қимылына оң баға берді. Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан жауынгерлерінің қатысуымен өткен оқу-жаттығу қорытындысы деуге де болады. Жалпы бұл шара осы тамыздан бері жалғасып келеді. Қазақстан аумағында осымен 4-ші рет өтуде.

Шара соңында арнайы мақсаттағы жасақтар қолданатын қару-жарақ көрмесі өтіп, бірлескен оқу-жаттығуда үздік танылған жауынгерлер марапатталды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

 

Сондай-ақ...