Өскеменде қоқысты сұрыптау желісі уақытында іске қосылмады

Өскеменде тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау желісі уақытында іске қосылмады. 

1 қыркүйекке жоспарланған жоба тағы екі айға шегерілді. Осылайша қаладағы қоқыс полигонына қатысты мәселе өзекті күйінде қалды. Жаз бойы қоқыс бір емес, бірнеше рет өртеніп, тұрғындардың мазасы қашты. Полигон қазір толып тұр. Осылай жалғаса берсе маңайдағы елді мекендерге жайылатын түрі бар. 

Өскеменнің шетіндегі Степное кенті қалалық полигонның дәл қасында. Алаңнан жел ұшырған қалдықтар осы ауылды басып жатыр. Қоқыс алаңы 60 жыл бұрын ашылған. Содан бері тұрмыстық қалдық тау болып үйілді. 

Ал бұл осы қалалық полигон маңында басталған сұрыптау зауытының құрылысы. Дәл осы нысан полигондағы қоқыс көлемін едәуір азайтар еді. Алайда әзірге жұмыс баяу. Іргетасы ғана құйылыпты. Дегенмен, осы істің басы-қасында жүрген қоғам белсенділері жоба кеш те болсын іске асады деп сеніп отыр. Өйткені ауқымды сұрыптаудың маңызы зор.

Елена Березинская-Абилова, «Ecojer» экологиялық бастамалар қауымдастығы облыстық филиалының басшысы:

- Өнеркәсіптік ауқымдағы сұрыптау желісі іске қосылуы тиіс. Онсыз тіпті біз Павлодар мен Алматыдағы қоқыс өңдеу зауытына да тұрмыстық қалдықтар жібере алмаймыз. Тек осы зауыт іске қосылса ғана қазіргі полигонды өндіріске айналдыруға болады.

Экологиялық бастаманың уақытылы жүзеге аспауына карантиндік шектеулер кедергі болыпты. Шет елден қажетті жабдықтар жетпей қалған.

Әлібек Тұрсымбетов, қала әкімінің кеңесшісі:

- Грекиядан кейбір арнайы жабдықтар келмей қалды сондықтан уақыты ұзартылды. Жиырма жетінші қыркүйекте толықтай жабдықтар орнатыла бастайды, орнату уақыты бір-екі ай алады, сол қараша айында зауытты қосамыз деп жоспарлап отырмыз.

Айтқандай, қалалық қоқыс алаңының бүгінгі ахуалы алаңдарлық. Асып, төгіліп жатыр. Жаз бойы өрт шығып, шаһарды бірнеше рет түтін басты. Сондықтан ондағы қауіпсіздікті күшейту қажет. Экологтар полигонға жауапты мекеме басшылығына ол жерді күлмен, шлакпен нығыздау жайлы ұсыныс айтқан. Алайда оған құлақ асқан ешкім болмады. Ақыры өздері іске кірісті. 

Данияр Әлиев, ШҚО Экология департаментінің басшысы:

- Өз күшімен соны атқара алмағандықтан өшіре алмағандықтан біз өнеркәсіптік мекемелерді тарттық сол жұмысқа. Қазіргі күні 15 мың текше қауіпсіз шлак қолданып, оның бетін жаптық.

Бұл жердегі барлық қалдық келесі жылдан бастап толық жойлы бастайды. Сұрыптаудан өткізіп, өңдейтіні өңделіп, өртеуге жататыны өртеледі. Сәйкесінше дәл осы бағыттағы зауыттар салынуы тиіс. Алайда мұның бәрі «жоспар». Әзірге қаладағы қалдықтар арнайы контейнерлерге сұрыпталып, ары қарай коммуналдық кәсіпорындар қоймасына жөнелтіліп жатыр. 

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов