Қарағандыны газдандыру жұмысы кешігіп жатыр

Қарағанды қаласын газдандыру жұмысы кестеден кешігіп жатыр. Жауапты мамандардың айтуынша, өткен жылы пандемия салдарынан қаржыландыру тоқтап қалған. Соның кесірінен облысқа ортақ тариф бекімей отыр. Ал газ құбыры әлдеқашан тартылған ауыл-аймақтағы ағайын көгілдір отынның келуін тағатсыздана күтіп жүр.

«Сарыарқа» магистральді газ құбыры Қарағанды облысы бойынша ең алғаш Талап ауылына жеткен болатын. Содан бері үш жыл өтті, өзгеріс жоқ.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Талап ауылына газ тарту жұмыстары өткен жылдың қазан айында аяқталған. Қазір әр үйдің іргесінде мынадай газ құбыры тұр. Бірақ соған қарамастан тұрғындар әлі күнге дейін көгілдір отынға қол жеткізе алмай келеді.

Орынбасар әжейдің балалары көгілдір отын келеді деген соң көмірмен жанатын пешті бұзып тастаған. Бірақ қуанышы ұзаққа бармады. Енді қариялар газ берілмей қала ма деп алаңдаулы. Ал қыс болса қыр астында.

Орынбасар Смайылова, Талап ауылының тұрғыны:

- Газды екі жыл болды күтіп жүрміз. Маусым айында мамандар келіп сырттан трубаларын тартып, мынау қазандықты қойып кетті. Содан бері жоқ сол адамдар. Болмай қалса енді пеш соғамыз қайтадан. Не тоқпен отырамыз.

Ал Әбдіреш Жолаев ақсақал газ құбырын үйіне дейін тартып алғанымен ескі пешті бұзбаған. Үш жыл бойы берілмей келген газдың ертеңгі күні де тұрақты боларына күдікпен қарайды.

Әбдіреш Жолаев, Талап ауылының тұрғыны:

- Ертең қыс қатты болады, бұл жақтың аязы күшті. Ертең газ болмай, қатып жатса пешті жаға береміз. Сол үшін пешті бұзбай отырмыз. Енді елдің бәрі айтады ғой Талапқа газ беріліпті деп. Газ берілген түгі жоқ, үйге енді кіріп жатыр құбыры.

Қазір Талап ауылында 145 түтін болса, әзірге соның тек бесеуі ғана құбырды үйге дейін кіргізген. Қалғандары асығар емес. Ауыл әкімінің айтуынша, 70 үйдің құжаты жоқ. Жұмыстың алға жылжуына бұл да кедергі болып тұр. Қазір мамандар оны реттеуге құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Тұсау болып тұрған тағы бір мәселе - қаржы тапшылығы. Аулаға келіп тұрған құбырды ішке дейін тарту үшін кемінде 500 мың теңге керек. Бүгінде оны бөліп төлеуге мүмкіндік беріліп отыр.

Қайрат Бапанов, Талап ауылының әкімі:

- Біз келіссөз жүргізіп, қазіргі таңда 12 айға дейін бөліп төлейтін қылдық, банктің процентін газ тартқан мекеме өзі төлейтін болады. Сосын біздің олардан сұраған өтінішіміз, аз қамтылған отбасылар бар, 4 отбасы, соларға газды тегін кіргізу. Сосын 1,2,3-топтағы мүгедектер бар, оларға да жеңілдік сұрап отырмыз.

Жалпы Жезқазған өңірі құбыр тарту жұмыстарын әлдеқашан аяқтағанымен облысқа ортақ тариф бекімей, газ берілмейді. Ал көгілдір отынның құнын белгілеу үшін әуелі газ жүйесі толық тартылуы қажет. Бірақ өкінішке орай, Қарағанды қаласы кестеден бір жылға кешігіп жатыр.

Ұлантай Үсенов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Былтыр бітпеген себебі республикалық бюджеттен бөлінген 900 миллион теңге қаражатты алып қойды. Пандемия болып, соның ықпалынан болды ол. Енді биыл жылу беру маусымы басталғанша тарифті бекітеді деген үміттеміз.

Мамандар газ бағасының елордамен салыстырғанда арзан болатынын айтады. Ал Нұр-Сұлтан қаласында әр текше метрі 37-38 теңгеден. Айта кету керек, облыстағы 145 елді мекенде тұратын 1 миллион 200 мыңнан астам тұрғын 2035 жылға дейін көгілдір отынмен толық қамтылатын болады.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев