Ақмолада биыл картоп аз жиналды       

Ақмола облысында биыл картоп аз жиналды.

Алдын ала болжам бойынша биылғы көрсеткіш жылдағыдан шамамен 25 процентке төмен болуы мүмкін. Бұрын гектарына 160 центнер алынса, биыл 120-дан аспайды. 

Зеренді ауданынан 7 гектар жерге картоп еккен Думанжан Мәзімбек, өнімділік биыл өте нашар, - дейді. Оған жазғы құрғақшылық себеп болған. Тұқымның өзіне 3 млн теңгеден астам қаржы жұмсаған жас кәсіпкер, енді пайда таппақ түгілі шығынның өзін жаба алсам болар еді, - деп отыр.

Думанжан Мәзімбек, шаруа:

– Гектарына жоқ дегенде бір 5 тонна алсақ та шүкір дейтін шығармыз мұндай болғанда. Өте төмен ғой мынау әзір. Бұл негізінде ақ картоп қой. Қызыл картоп емес, іш жағы сары емес. Бұл негізінен Алматы облысына жақсы кетеді. Ең кемінде береміз 100 теңге болса да енді.

Ал облыс орталығының базарларында қазір ең арзан картоп 130 теңгеден сатылып жатыр. Тіпті, 180 теңгеге дейін бағалап отырғандар да бар. Саудагерлер мұны, өнімнің сырттан келуімен түсіндіреді. Себебі, маңайдағы шаруашылықтарда картоп өте аз. Ал, баға одан әрі көтерілмесе, түспейді, - дейді, олар.

Атабек Артиков, сатушы:

– Қазір келіп жатқан картошка Павлодардан келіп жатыр. Жол бар, анау-мынау, документі бар, грузчигі бар, сонымен қымбат болып жатыр. 150 теңге вообще осы уақытта, күзде қымбат болады. Бағасы қымбат болғасын өтуі де аз биыл. Алдында например 80 теңге болса, любой кісі келеді, каждый раз бес, бес килодан алып отырмайды. Бір қап ала салатын. Ал қазір 5 кг, 3кг, 1кг.

Жанна Шәмиғанова, сатушы:

– Баяғыдай 50 теңге, 60 теңге деген енді болмайды. Өйткені, топливо қымбат. Ол кезде дизель қанша 80 теңге болған. Енді қазір 200 теңге. Енді санаңыз. + 12:57:27 Биыл бірақ та жаңбыр өте қиын болды. Жаңбыр болған жоқ. Енді кім жекеменшіктер еккен, мүмкін солар 10 процентке түсіреді.

Бірақ халық картопсыз отыра алмайды. Сондықтан, оның екінші нан деп аталуы да бекер емес. Алайда, жұртты бағасының қымбаттауы қынжылтады.

Өнімділіктің төмен және бағаның жылдағыдан жоғары екенін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы да жоққа шығармайды. Бірақ, жалпы өнім былтырғыдан кемімейтінін айтады. Себебі, алқаптар 5 мың гектарға ұлғайтылған. Ал, бағаны нарықтың өзі реттемек.

Мұрат Іргебаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Экономиканың басты заңы, ол – сұраныс пен ұсыныс. Егер сұраныс жоғары болса, оның бағасы да көтеріледі. Ал дәл қазір картоп сондай жағдайда тұр. Бұны өнім өндірушілер мен делдалдар да пайдаланып қалғысы келеді. Дегенмен, бағаны барынша бақылауда ұстауға тырысамыз.

Ол үшін бағаны бақылап отыратын арнайы комиссия құрылған. Тұрақтандыру қорына да біраз өнім жиналады, - жергілікті билік өкілдері. Жалпы аймақ диқандары биыл 250 мың тоннаға жуық картоп жинауды жоспарлап отыр.

КАРТОП 85 ТЕҢГЕДЕН САТЫЛЫП ЖАТЫР

Ал Павлодар облысында керісінше картоптың өнімділігі өте жоғары. Гектарынан қазір 280 центнер өнім алынып жатыр. Себебі, егістік алқаптары суармалы. Бағасы да ел бойынша ең арзаны. Бір келісі егін басынан 85 теңгеден сатылуда. Бұйыртса Ертіс өңірінің шаруалары 450 мың тонна картоп жинамақ.

Есентай Мүрсәлімов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім жетекшісі:

–Қазіргі уақытта ірі шаруа қожалықтарымен тұрақтандыру қорына картоп сақтау бойынша  меморандум жасалуда. Мақсат – қысқы кезеңде әлеуметтік дүкендерді көкөніспен қамтамасыз ету. Картоптың өнімділігі өткен жылғы көрсеткішпен бірдей. Бүгінгі күнге дейін 132 мың тонна картоп жиналды. Өнімді сақтайтын 140 заманауи қойма бар.

Бірақ павлодарлықтар да бағаның бұл қалыпта тұра бермейтінін айтады. Яғни, қымбаттауы мүмкін. Алайда, жауапты министрліктер, алдағы уақытта картоп бағасы тым шарықтамайды, - деп сендіріп отыр. Дегенмен, қазірдің өзінде 100 теңгеден басталған бұл өнімнің бағасы, қыс пен көктемде қалай құбыларын уақыт көрсетер. Әзірше елімізде ең қымбат картоп Ақтауда сатылып жатыр. Мұндағы баға 200 теңгеден басталады.

Дамир Берікұлы, Ақмарал Есімханова, Евгений Шинкаренко, Самат Оспанов, Хабар24