Б.Сағынтаев Алматының екі миллионыншы тұрғынына жаңа пәтердің кілтін табыс етті

Бүгін Алматы тұрғындары қала күнін тойлап жатыр.

Мерекеде қала басшысы Бақытжан Сағынтаев 227 көп балалы отбасына пәтер кілтін табыстап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл басынан бері Алматыда 2340 мұқтаж отбасыға жеңілдетілген несие аясында тұрғын үй берілген.

Алматыдағы Наурызбай ауданынан бой көтерген «Алма-Сити-5» тұрғын үй кешенінен бүгін 227 отбасы пәтер кілтін алды. Қуықтай ғана пәтерде тұрып келген тұрғындар еңселі үйдің есігін ашып ішке кіргенде қуаныштарын жасыра алмады. Қала әкімінің айтуынша, биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 1013 отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:

- Алматы жастары бағдарламасы екінші жыл қатарынан жүріп жатыр. Мың пәтерден беріп жатырмыз 35-ке дейінгі жастарға. Жұмыс орның бар ма? Тапсыр да ал. Оның ішінде мұғалімдер, дәрігерлер,өнер, спорт, ғылым, білім саласындағылар бар. Былтыр мың жасқа, биыл мың жасқа. Сертификат 1 миллион теңгеден екі мың отбасына беріп жатырмыз.

Қаланың 2 милионыншы тұрғыны Аяла Жамбылдың отбасында үлкен қуанышқа бөленді. Мереке күні шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев Аяланың отбасына жаңа пәтердің кілтін табыс етті. Осы жылдың 21 маусымында дүниеге келген Аяла полиция қызметкері Бейбіт Әбілдаев пен балабақша тәрбиешісі Әлия Жәныбекованың отбасындағы алтыншы қыз.

Әлия Жәнібекова, көп балалы ана:

- Осы қуаншқа жеткеніме ең біріншіден, Аллаға, екіншіден, себепші болған әкім мырзаға рахмет айтамын. Біз мұндай 2 миллионыншы болып туылады деп күтпедік. Өте қуаншытымыз.

Жалпы жыл басынан бері 2340 мұқтаж отбасы үйлі болды десек, қала әкімінің бастамасымен көп балалы отбасыларға берілетін жеңілдетілген несие санын көбейту мақсатында жергілікті бюджеттен 3,3 млрд теңге қосымша қаржы бөлінген.

Авторы: Жандос Айтбайұлы