Мал сүйегін өңдейтін цехтан шыққан иістен ауыл тұрғындарының тынысы тарылды

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Дәулет ауылының тұрғындары кәсіпорыннан шығатын жағымсыз иіске наразы. Ауыл халқы, әсіресе, жел тұрғанда тынысымыз тарыла түседі деп отыр.

Дәулет ауылының жанындағы бұл кәсіпорын осыдан он жыл бұрын өз жұмысын бастаған. Малдың сүйегін қайнатып, үгітіп, ұнтақтап құс фабрикаларына жем әзірлейді. Бірде істеп, бірде тоқтап қалатын цехтың аумағында сүйек-саяқ үйіліп жатыр. Жанына жақындау, тіпті, мүмкін емес. Дәулет ауылының тұрғындары далада ашық-шашық жатқан өлексенің сасық иісімен демалуға мәжбүр.   

Қуаныш Темірбаев, Дәулет ауылының тұрғыны:

– Мына жерде костный мука шығаратын зауыт бар. Сонда өлік-сөліктің бәрін әкеп тастайды. Сол жерде кешке жақын сасып жастады. Желдің бағытына байланысты. Ауылға келіп, тұншығып өлетін болдық. Экология деген өте нашар. Бәрі далада жатыр. Жаздың күні терезе аша алмайсың не далаға шыға алмайсың. Екі маска кисеңіз де, көмегі жоқ. Сасығанда, әлем сасиды.

Мадина Аманбайқызы, Дәулет ауылының тұрғыны:

– Иіс деген алып кетеді мына ауылды. Ол иіс балаларға, өзіміздің ауыл тұрғындарына да зиян деп ойлаймын. Ауыл тұрғындары ескертіп жатыр. Ешқандай әрекет жоқ, болмай жатыр.

Кейбір күндері цехта күніне 2 тонна сүйек қайнатылады. Кәсіпорынның жан-жағы да толық қоршалмағандықтан сүйек-саяқты ит-құс сыртқа тасиды. Өндірісте жұмыс күші жетпейді, бірде техника бұзылып істен шығады. Тазалық пен ветеринарлық талап мүлдем сақталмағандықтан Талғар аудандық ветеринарлық қызмет кәсіпкерге бірнеше ескерту жасаған.

Асанбек Байқабатов, цех иесі:

– Санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сәйкес өндірісті ауылдан 1 шақырым жерде жүргізуімізге рұқсат етілген. Бұл талап кез-келген кәсіпкерге ортақ. Ветеринарлық қызметтің ескертулері орынды. Енді ашық жатқан жерлерін екі аптада қоршаймыз.    

Шағын цех индустриалдық аймақта тұр. Жанында медициналық қалдықтарды жоятын зауыт пен құс фабрикасы да орналасқан. Санитарлық нормаларға сәйкес кәсіпорын мен елді мекеннің арасында кемінде бір шақырым жер болуы қажет. Алайда кейінгі жылдары Дәулет ауылының аумағы да жыл сайын ұлғайып жатыр. 

Нұрлан Зайнолдин, Талғар аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

– Бері қарай ауылдың жылжымауын қамтамасыз етуіміз керек. Бізге олар қазір келіспейді. Алдағы уақытқа арналған жоспарды ешкім көрсетпейді ғой. Білмеймін қазір сондай. Біз оған кірмейміз.

Десе де Қайнар ауылдық округі әкімдігі мамандарының айтуынша, мал сүйегін өңдейтін цех пен Дәулет ауылындағы арақашықтық санитарлық талапқа сай. Ал аудандық ветеринарлық қызмет болса, кәсіпкерден түсініктеме алған. Енді өндірістегі ветеринарлық-санитарлық ережелерді сақтамағаны үшін 20-100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл саламыз деп отыр. 

Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев