Көкшетаулық өнертапқыш егістікте ылғалды ұзақ сақтауға көмектесетін тың технология ойлап тапты

Көкшетаулық Серікбай Сағындықов егістік алқаптарында ылғалды ұзақ сақтауға көмектесетін тың технология ойлап тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Автордың айтуынша, ол ұсынып отырған құрылғы қарды нығыздап, оның тез еріп кетуіне жол бермейді. Ал, мұндай идеяның келуіне биылғы құрғақшылық сеп болған.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Жас кезінде егін сепкен Серікбай ағаның биыл жаз бойы толғанып тапқан шағын техникасының сызбасы қарапайым ғана. Ол тракторға тіркеме ретінде жалғанатын үш бұрышты үлкен сүзгіге ұқсайды. Ал, жұмыс істеу тәсілібойына жинаған қарды нығыздап, оны мұзға айналдырып шығару. «Тиімділігі жоғары технологияны іске асыруға да көп қаражат кете қоймайды», - дейді автор.

Серікбай Сағындықов, өнертапқыш:

- Мұндай техниканы жасау үшін әрі кетсе 1 млн теңге қаражат кетер. Тіпті одан да аз қаржыға жасап алуға болады. Ал тиімділігі бірнеше есе артық. Өнімділігі де жоғары. Трактор жақсы болса, бұнымен күніне 100-200 гектар жердің қарын өңдеуге болады.

Өнертапқыш тың техниканы қыстың соңына қарай негізінен биік жерлерге қолдану керектігін айтады. Себебі қыраттарда қар көп тұрмайды. Ал ол нығыздалып мұзға айналған соң ұзақ ериді. Сондықтан бұл қардың әдеттегіден 2-3 аптаға кеш еруіне көмектеспек.

Серікбай Сағындықов, өнертапқыш:

- Енді маған бұл агрегатты сынап көру керек. Бірақ ол үшін оны алдымен жасап шығатын қаражат қажет. Сондықтан инвестор іздеймін. Тым болмаса бұл жобаға мемлекеттен қаржы алып отырған ауыл шаруашылығы институттары көңіл бөлсе деймін. Серіктес табылса, бірігіп жұмыс істеуге дайынмын.

Айта кетейік, биыл солтүстік аймақтарда көптен бері болмаған қуаңшылық болып, астық жылдағыдан 1-1,5 млн тоннаға аз жиналды. Алайда, өткен қыста қар көп түсті. «Міне, соны егін алқаптарында ұстай алмағанымыз қынжылтады», - дейді өнертапқыш. Айтуынша, мұны ойлап қазір ғалымдар да бас қатырып жатқан жоқ. Жобасы қолдау тауып, жүзеге асып жатса, көкшетаулық азамат оны инновациялық идеялар байқауында да таныстармақ ниетте.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный