10 мыңнан астам семейлік тұмауға қарсы вакцина салдырды

Қала тұрғындары екпенің тіпті коронавирус инфекциясынан да қорғайтынына сенеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда дәрігерлер әр препараттың әсері әртүрлі екенін ескертеді.

Қала тұрғыны Лидия Лыткина алғаш рет маусымдық тұмауға қарсы екпе салдырған. Ал, оған әзірге қауіпті індетке қарсы вакцина салу мүмкін емес. Өйткені ол осыдан екі ай бұрын коронавирус инфекциясымен ауырған.

Лидия Лыткина, қала тұрғыны:

- Мен коронавирус инфекциясына қарсы екпені қазан айының соңында салдырамын. Бірақ мамандар әзірге тұмауға қарсы вакцина салдыруды ұсынды. Өйткені қазір түрлі вирустық инфекцияның өршитін мезгілі. Сондықтан тұмауға қарсы екпе салдырдым. Тіпті бұл менің ағзамды қауіпті індеттен қорғайды деп үміттенемін.

Бірінші қалалық емханада бір жарым мыңнан астам адам жедел респираторлы вирустық инфекция мен тұмауға қарсы екпе алған. Олар жүкті әйелдер мен қарттар және 3 айдан асқан балалар. Бұл емханада қауіпті індетке қарсы вакцина да салынады.

Гузяль Нигматулина, қалалық №1 отбасылық денсаулық орталығының меңгерушісі:

- Коронавирус инфекциясына қарсы 22600 адам екпенің алғашқы компонентін алды. Вакцинаның ешқандай кері әсері жоқ екені тұрғындарға айтылып жатыр. Қазір алғашқыдай емес, вакцина салдыруға белсенділік артты.

«Тұмауға қарсы вакцина коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін төмендеткенімен, одан толық қорғай алмайды», - дейді мамандар.

Сәуле Маукаева, инфекционист-дәрігер:

- Әр екпе өз қызметін атқарады. Бірақ тұмау мен қауіпті індетке қарсы вакцинаны қатар салдыруға болмайды. Яғни, олардың арасындағы үзіліс 14 күн болуы керек.

Айнұр Серікбаева, Эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы:

- Екінші жыл қатарынан тұмауға қарсы эпид алды кезең ертерек басталды. Биыл қаламызға 14404 доза берілді. Тұмау екпесі Ресей мемлекетінің вакцинасы. Негізі бұл вакцина тұрғылықты мекенжайлар бойынша тегін түрде жүргізіледі нақты категориялы адамдарға.

Шығыс Қазақстан облысында 2 апта ішінде 10 мыңнан астам адам тұмауға қарсы екпе салдырған.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Әсем Өтешева, Берік Жобалайұлы

Сондай-ақ...