ҚР ИИДМ: TransLogistica Kazakhstan-2021 халықаралық көрмесі ашылды

Бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев 2021 жылғы 13-15 қазан аралығында Алматыда өтетін TransLogistica Kazakhstan-2021 халықаралық көрмесінің жұмысын ашты.

Көрмеге Әзірбайжан, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Латвия, Литва, Ресей, Украина және Эстонияның 80-нен астам компаниясы қатысуда. Биылғы экспоненттердің 60% - шетелдік қатысушылар. Бұл еліміздегі мүмкіндіктерге халықаралық бизнестің жоғары қызығушылығын көрсетеді.

Салтанатты рәсімде Берік Камалиев лентаны қиып, TransLogistica Kazakhstan-2021 қатысушылары мен қонақтарына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің құттықтау сөзін жеткізді:

«Еуразия құрлығының маңызды көлік желілерінің ортасында орналасқан Қазақстан - Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік көпір және сенімді серіктес. Мұны көрме мен конференцияға қатысушылардың халықаралық құрамы дәлелдейді.

«Translogistica Kazakhstan 2021» халықаралық көрмесі транзиттік-көлік әлеуетін дамытуға, ұзақ мерзімді және өзара тиімді серіктестік қатынастарды одан әрі нығайтуға үлес қосатынына сенімдімін», - делінген құттықтауда.

TransLogistica Kazakhstan 2021 көрмесі Орталық Азия өңірінде бизнесті бастау немесе кеңейту, жаңа өнімдер мен қызметтерді іске қосу үшін зор мүмкіндіктер ашады. ҚР Үкіметінің басшысы іс-шараға қатысушылар мен қонақтарға пайдалы кездесулер, жемісті жұмыс және жоспарларының табысты орындалуын тіледі.

Пандемия кезеңі көлік дәліздерінің әлеуметтік қажеттілігі мен экономикалық тиімділігін тағы бәр мәрте дәлелдеді. Бұл еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыра түсті.

«Қазақстан көлік саласын және көлік дәліздерінің транзиттік әлеуетін дамыту үшін зор күш-жігер жұмсауда. Үкімет пен ҚР ИИДМ бірқатар салалық бағдарламаларды іске асырды. Саланың құқықтық негізі қалыптасты. Көлік қызметтерін көрсетуге қолайлы бәсекелестік орта құрылды. Соңғы 15 жылда еліміз көлік саласына шамамен 35 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаржы салынды»,-деп атап көрсетті вице-министр Берік Камалиев «Көлік және логистика нарығы» III халықаралық конференциясының ашылуында сөйлеген сөзінде.

Транзиттік жүктердің кедергісіз өтуі үшін көлік дәліздерін жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде Қазақстан арқылы 11 халықаралық транзиттік дәліз (5 ТЖ және 6 авто) өтеді.

Республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы шамамен 100 мың шақырымды құрайды.

Қазақстанда 20 әуежай бар, олардың 18-і ИКАО талаптарына сәйкес келеді. Биыл 2-11 тамыз аралығында өткізілген ICVM шеңберінде ИКАО ұшу қауіпсіздігінің халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейі (84%-ға дейін) арттырылды. ИКАО-ның объективті бағасы ҚР ИИДМ жүргізетін реформалар оң әсер еткенін көрсетеді.