Қарағандының көмір тиеу алаңдарында ұзын кезек пайда болды

Қарағанды қаласындағы көмір тиеу алаңдарында ұзын сонар кезек пайда болды.

Жүк көліктерінің жүргізушілеріне отын алу үшін тәулік бойы тұруға тура келеді. Соның салдарынан өңірдегі екі бірдей шалғай ауылға көмір жетпей қалған. Тендерді жеңіп алған компания жылу маусымы басталғанша қажетті отынды тасып үлгірмепті. Ал жергілікті билік әлеуметтік нысандарды қатырып алмас үшін көмірді қарызға алып амалдаған. Аймақта көмір тапшылығы жоқ. Шахталар өндіріс қуатын одан әрі ұлғайтуға дайын. Бар мәселе отынды таситын теміржол вагондарының жетіспеуінен туып отыр.

Қайрат Шорманбаев, Өнеркәсіп және индустриялды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Көмірді уақытында жеткізуге вагондар жеткіліксіз. Бұл мәселе жылда туындайды. Бар көмірді таси алмаймыз. Сондықтан республикалық деңгейде үлкен парк құрып, вагондар санын ұлғайтатын кез келді. Сонда жұмыс бір жүйеге түседі.