loader

2020 жылы азаматтық авиация компанияларының шығыны 350 млрд теңгеден асқан

2020 жылы азаматтық авиация компанияларының шығыны 350 млрд теңгеден асқан

Бүгін TransLogistica Kazakhstan 2021 24-ші халықаралық көрмесі шеңберінде «Пандемия кезеңіндегі авиация саласы және саланың инфрақұрылымдық жобалары» атты сессия өтті, деп хабарлайды «Хабар 24» ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оған спикер ретінде ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, «Атамекен» ҚР ҰКП Азаматтық авиация жөніндегі кіші комитетінің төрағасы Дәулет Хамзин, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің, Азаматтық авиация академиясының, «Қазаэронавигация» РМК, отандық әуежайлардың басшылығы, отандық шетел әуе компаниялардың өкілдері сөз сөйледі.

Қатысушылар Қазақстандағы әуежайлардың жерүсті инфрақұрылымының жұмыс істеп тұрған объектілерін жаңғырту және жаңаларын салу, пандемия кезеңінде әуе тасымалдаушы компанияларды фискалдық және қаржылық қолдау мәселелерін, сондай-ақ халықаралық ұшу бағыттарын ашуға шектеулерді алып тастаудағы кедергілерді талқылады.

Өткен жыл отандық авиакәсіпорындар үшін қиын болды. Ел аумағында ұшулардың тоқтатылуына байланысты 2020 жылы азаматтық авиация компанияларының шығыны 350 млрд теңгеден асты. Бүгінгі таңда барлық ішкі әуе рейстері қалпына келтірілді. Тасымалданған жолаушылар саны артып келеді. Қазір халықаралық рейстер 20 елде 58 бағыт бойынша аптасына 237 рейс орындалады.

2020 жылы Түркістанда заманауи Green field әуежайы пайдалануға берілді. Қазақстан қалаларында терминалдарды, ұшу-қону жолақтарын, аэровокзалдарды салу және реконструкциялау жалғастырылды.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына бес әуежайды (Қостанай, Орал, Қызылорда, Шымкент, Алматы) жаңғырту жөніндегі іс-шаралар енгізілген. Сондай-ақ, жергілікті әуе желілерінің сегіз аэродромының (Жәнібек, Казталовка, Сайқын, Арқалық, Сарыағаш, Қарқаралы, Ұлытау, Зайсан) инфрақұрылымын қалпына келтіру жоспарланған.

ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев өз сөзінде: «Биыл 2-11 тамыз аралығында Үйлестірілген валидациялық миссия шеңберінде ИКАО аудиторларының саланы тәуелсіз тексеруі өтті. Алдын ала деректер бойынша, Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 84% - ға дейін көтерді. Бұл орташа әлемдік көрсеткіштен 15% жоғары»,-деді.

Сарапшылар іс жүзінде барлық көрсеткіштер бойынша ИКАО стандарттарына сәйкестіктің өскенін атап өтті. Бірінші кезекте «Ұйымдастыру құрылымы» және «Заңнама» бойынша. Ұшу қауіпсіздігі бойынша Қазақстан Нидерланды, Бельгия, Португалия, Чехия (87%), Латвия (86%), Дания (85%), Исландия және Польша (84%) сияқты елдердің деңгейіне жетті.

Айта кетейік, 2021 жылғы 13-15 қазан аралығында Алматыда «Көлік және логистика» халықаралық көліктік-логистикалық қызметтер мен технологиялар көрмесі – TransLogistica Kazakhstan 2021 өтіп жатыр. Ол 1996 жылдан бергі жұмыс кезеңінде бүкіл Орталық Азия өңіріндегі ең ірі көліктік көрме мәртебесіне ие болды. Биыл көрмеге Әзірбайжан, Беларусь, Грузия, Латвия, Литва, Ресей, Украина және Эстонияның 80-нен астам компаниясы қатысуда.

Көрменің іскерлік бағдарламасы сала алдында тұрған міндеттер мен өзекті мәселелерді көрсетеді. Шара аясында ірі салалық оқиға – «Көлік және логистика нарығы» III Халықаралық конференциясы өтуде. Екі күн ішінде қатысушылар отандық көлік саласының жай-күйі мен даму перспективаларын – контейнерлеу бағдарламасын, көлік саласындағы ақпараттық және цифрлық технологияларды, көлік және логистикадағы инфрақұрылымдық жобаларды талқылайды.

Сондай-ақ...