«Әкім ауысқанмен, құбыр ауыспай тұр». Маңғыстауда газ құбырлары апат алдында тұр

Маңғыстау облысына қарасты Қызылтөбе ауылының тұрғындары үреймен өмір сүріп жүр. Осыдан 30 жыл бұрын жер астымен жүргізілген газ құбыры әбден тозып, тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті әкімдік бұл мәселеден хабардар, бірақ оны шешуге қаржы мәселесінің қолбайлау болып тұрғанын айтады. 30 жыл бұрын жер астымен тартылған газ құбырының әбден тозығы жеткен, жергілікті тұрғындар жарылып кете ме деп жанын шүберекке түйіп отыр.

Бақыт Тәшенов, Қызылтөбе ауылының тұрғыны:

– Шіритін уақыты болды, қысым көтере алмайды. Уланып қалуы мүмкін. Канализация арқылы кіріп, біреу темекі тастап жіберіп жарылса, өрт болып кетуі мүмкін.

Ауылдың 9 көшесіне газ құбыры тоқсаныншы жылдардың басында тартылған. Содан бері 30 жыл өтті. Жағдайы барлар қауіпті құбырды өз ақшасына ауыстырып алып жатыр. Топырақты аршып көрген тұрғындар құбырдың шіріп жатқанын айтады.

Нұрсәуле Өтесінова, Қызылтөбе ауылының тұрғыны:

–Осы мына апа-жездемнің үйі. Бір күні осы дәретхананы қазып жатқанда келсем, топырағы көп-көңбек күл сияқты болып кеткен. Иісі жаман, сонда газ шығып жатырғанын байқадық. Газ топырақты өзгертіп жіберген. Содан кейін мен өзім уайымдайтын болдым.

Бердібек Балқожаев, Қызылтөбе ауылының тұрғыны:

– Газ дейтін ойыншық зат емес қой. Күйіп жатқан адамдар да бар. Бұл енді жарылса білмеймін енді.

Ауылдағы көшелердің біріне жер үстімен газ құбыры тартылған. Бірақ 10 шақты жыл бұрын басталған құрылыс ақыры аяқсыз қалыпты. Мұны Мұнайлы ауданының басшылығы да растап отыр. Айтуларынша, мердігер жобаны өз қаржысына бастап, аяқтамай кеткен. Ал газ құбырларын жердің үстіне шығару қомақты қаржыны талап етеді.

Нұрбек Қарасаев, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары:

– Мұнайлы әкімдігі тарапынан толық жұмыстар жасалды. ПСД-сы жасалды, экспертизасы бүгінгі күні толық ұсынылды. Облыстық бюджетке ұсынылды. Енді күтіп отырмыз.

Мәселенің шешімі – 700 млн теңге. Ендігі жауап – облыстық әкімдіктен. Ақша бөлсе келер жылы құбырлар ауыстырылады. Бірақ, ауыл тұрғындары оған дейін әкім ауысып кете ме деп алаңдап отыр.

Үмітай Досмағамбетова, Қызылтөбе ауылының тұрғыны:

– Әкім ауысқанмен, тұрба ауыспай жатыр.

Қызылтөбе ауылының бір проблемасы газ емес. Су жоқ, тасып ішіп, сатып алып отыр. Бұл енді өз алдына жеке мәселе.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Саламат Бекбаев