Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасына дауыс беру басталады

21 қазаннан бастап Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасына дауыс беру басталады. Үш жылдан бері жүзеге асып келе жатқан жобада алматылықтар қай ауланы көгалдандырып, қай жерге спорт алаңдарын салу керектігін өздері таңдап, шешім қабылдай алады.

Биыл қаланы көгалдандыру бойынша 934 ұсыныс түскен. Тұрғындар тарапынан қолдау тапқан жобалар алдағы жылы қолға алынады.

 «Бюджетке қатысу» жобасы қатарынан үшінші жыл өткізіліп жатыр. Көпшіліктің қолдауына ие болған көгалдандыру, спорт және балалар алаңдарын салу, ауланы жарықтандыру, жүргінші жолдарын жөндеу бойынша ұсыныстар бекітіліп, ақша бөлінеді. Ұсыныстар 23 тамыз бен 1 қазан аралығында қабылданған болатын. Ал ертеңнен бастап дауыс беру басталады. Ол үш форматта өтеді. Оның біріншісі Open Almaty қабылдау орталығына барып, дәстүрлі түрде бюллетень арқылы дауыс беру.

Жанар Жазылтаева, қалалық стратегия және бюджет басқармасы басшысының орынбасары:

– Телефон арқылы сіз Budget.Open-Almaty.kz деген сайтына кіресіздер, телефон номеріңізді теріп ИИН теріп, смс код алғаннан кейін сіз сайтқа кіріп, жобаны таңдап дауысыңызды бере бересіз. Не болмаса ЭЦП арқылы үш жобаны таңдап дауысыңызды бересіз. 

Айта кетейік, өткен жылы осы жоба аясында тұрғындардан 796 ұсыныс түскен. Көп дауыс жиған жобалар жергілікті бюджеттен қаржыландырылып, биыл жүзеге асырылды. Соның бірі Бағанашыл-2 ықшам ауданындағы демалыс аймағы. Тұрғындардың қалауы бойынша бекітілген жобаға 39,7 млн теңге бөлінген. Жұрт «Бюджетке қатысу» жобасының тиімді екенін айтады.

Валентина Мухаметова, қала тұрғыны:

– Біздің ұсынысымызды бірден жобаға қосты. Содан соң дауыс беру арқылы қажетті балды жинадық. Биыл маусым айында құрылыс жұмыстары басталып, аяқталғанына бірнеше апта болды. Ұсынысымыздың орындалғаны үшін барлығына алғысымыз шексіз.

«Бюджетке қатысу» жобасының биылғы дауыс беру кезеңі 21 қазан мен 9 қараша аралығында өтеді. Тұрғындардың таңдауын жүзеге асыру үшін қала бойынша 6,4 млрд теңге қарастырылған. Яғни, әр ауданға 800 миллион теңгеден үлестіріледі. Мұнда тек Алматы қаласының тұрғындары ғана қатыса алады. Бір адам үш жобаға дауыс беруге құқылы.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов, Мұхит Құдықбаев