«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады

Ұлттық жобаның «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты үшінші бағыты жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді дамытуға бағытталған.

Жас ұрпақты мемлекеттік тұрғыдан қолдап, оларға жағдай жасау - басты міндет. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлімдеді. Жастардың рухани кемелденіп, кәсіби жетілуін көздейтін үш ауқымды міндеттің 2025 жылға дейін атқарылатынын айтты.

Атап айтқанда, сапалы және қолжетімді білім беру, жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету, сонымен қатар жастарды қоғамдық пайдалы істерге тартып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиесіне жаңа мүмкіндіктер ашу жоспарланған.

Ал мұны шешу үшін 15 үлкен жоба қолға алынды. Нәтижесінде 8 нақты көрсеткішке қол жетпек.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Жобаның нәтижесінде кемінде 800 мың жасты тұрғын үймен қамту  көзделіп отыр. 1 млн тарта жасты  әлеуметтік қызметтермен қамту басты назарда. 1,5 млн жас бұқаралық спортпен және экологиялық жобалармен қамтылады. Бұл ретте «NEET» деп аталатын жастар санатын қолдау жөніндегі шаралар бойынша жұмыспен қамтылмаған жастар санын 5%-ке дейін төмендету міндеті қойылды. Осындай нақты жоспар арқылы 2025 жылға қарай жастарды мемлекеттік қолдау шараларына қанағаттану деңгейі 80%-ке дейін артады.