«Ауыл – ел бесігі»: ШҚО-да 56 әлеуметтік жоба іске асты  

«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының Шығыс Қазақстандағы нәтижесімен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов танысты.

Өлкеде тұрмысы жақсарып, тірлігі жандана бастаған ауыл көп. Екі жыл ішінде 56 жоба іске асқан. Мысалы, Әуезов кентінде 48 жылдық тарихы бар мектеп жөндеуден өтті. Бақыршық орта мектебі ғимаратының төбесінен су кетіп, мұғалімдер мен оқушылардың мазасы қашқан еді. Былтыр білім ошағының іші сырты түгел бүтінделді. Төбесі мен есік-терезесінің бәрі ауыстырылды. Биыл облыста әлеуметтік маңызы бар 93 жоба іске асады.

Дәулет Шаяхметов, Әуезов кентіндегі бақыршық орта мектебінің директоры:

– «Ауыл ел» бесігі бағдарламасына ендік. Ауылымызға былтыр күрделі жөндеу жасалды, кәрізі жүйесі, жылу, су, электр жүйесі жасалды. Қазір мектебіміз жылы, жарық, әдемі. Балалар да, мектеп ұжымы да, сонымен қатар ауыл тұрғындары, ата аналар да өте риза.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен  және Омбы-Майқапшағай» автожолын реконструкциялау барысымен танысты. Алғашқы бағыт бойынша 300 шақырымнан астам жол іске қосылған.

Бейбіт Атамқұлов күре жолдың бойындағы қызмет көрсету орындарын қарап шықты. Өйткені автобекеттер мен басқа да қолайлы қызмет сапасы – жолаушылар үшін аса маңызды.

Министр Айыртау ауылындағы «Қарапайым заттар экономикасы» аясында салынып жатқан құс фабрикасы құрылысын көрді. Аталған жобаға 21 миллиард теңге бөлінген. Кәсіпорын жылына 60 мың тонна ет өнімін өндіреді.