Оралда ғимараттар мен биік үйлердің қасбетіне муралдар салынды

Оралдың сәні кіріп қалды. Суретшілер шаһардағы ғимараттар мен биік үйлердің қасбетіне муралдар салып тастаған. Алып суреттердің негізгі тақырыбы – ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Суретшілер әр туынды көркемдік кеңестің талқысынан өткен мағыналы туынды екенін әрі бояу сапасы кез келген температураға төзімді екенін айтады.

«Стрит арт» жанрының шебері Дарья Полищук – Сәкен Ғұмаров атындағы сурет мектебінің түлегі. Бұған дейін ол қаладағы жерасты жолдарында сурет салып тәжірибе жинапты. «Қабырғаны безендіру туралы қала билігінің ұсынысын қуанышпен қабылдадық. Өйткені, тәуелсіздік тақырыбын бейнелеу бізге зор жауапкершілік жүктейді дейді суретші.    

Дарья Полищук, суретші:

- Қала келбетінің келісті болуы біз үшін зор мақтаныш. Біздің жұмыстарымызды Ресейдегі суретші әріптестеріміз де жоғары бағалады. Қаламызда осындай әдемі жерлердің көбеюіне өз үлесімізді қоса береміз.          

Көне шаһарда сәулет ескерткіші саналатын тарихи ғимараттар баршылық. Көбі мемлекет деңгейінде қорғауға алынған. Қала келбетінің келісті болмағы баршамызға сын. Әр тасы тарихтан сыр шерткен ғимараттарды көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Қалықтаған қыран бейнеленген алып мурал да көңілден шықты дейді тұрғындар. 

Татьяна Лоскутова, қала тұрғыны:

- Бұл өте әдемі және қаланың жалпы ансамблімен сәтті үйлесім тауып тұрғаны рас. Қалай десек тек те, бұл өнер туындысы. Сондықтан болар, әр қараған сайын көңілге қуаныш, жаныңа шуақ ұялатады. Барша қала тұрғындарының көңілінен шыққан дүние деп санаймын.

Дина Нұрпейісова көшесіндегі бұл тарихи ғимарат – қос ғасырдың куәсі. Арка пішіндес мына дуалдар арқылы кезінде аттылы кісі емін-еркін өтетін болған. Ғимаратты бойлай осындай 19 есіктің орны бар. Сыр бүккен көне қабырғаға суретшілер жан бітірді.     

Мирас Мүлкәй, қала әкімінің орынбасары:

- Орал қаласының әдемі және көрнекті жерлеріне және тарихи ғимараттарына салу ұсынылды, ол ұсынысты қалалық көркемдік кеңес қолдап, 19 есікке муралдар салынды. Тағы да осы жылдың аяғына дейін біз ТЖД қызметкерлеріне арнап мурал салғымыз келіп жатыр. Жоспарларымызға келер болсақ, келесі жылы қаламызда орнласқан көрнекті және архитектура тарихи ғимараттарды бейнелейтін немесе осы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетерінде муралдарды салу жоспарда бар.

Ақжайық атырабындағы ажарлы, базарлы шаһар – бүгінде 300 мыңдай тұрғынның ортақ қонысы. Тәуелсіздік жылдарында жаңарып, жасара түскен қалада сәулеті келісті заманауи ғимараттар да көбейді. Оған жаңадан салынған мәдениет ошақтары, алаңдар мен спорт кешендері дәлел.

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов