Шаруалар мал жаятын жер қалмағанын айтып дабыл қағуда

Түгін тартсаң, майы шығатын құнарлы жерлер бүгінде көзден бұлбұл ұшты. Елді мекендер маңы жыртылып, бос жатқан гектер-гектар егістік жер жарамсыз күйге түскен. Павлодар облысында шаруалар осылай деп шағым айтты.

Қазір қожалықтар төрт түлікке өріс тарылғандықтан мал санын қысқартуға мәжбүр. Жайылым тапшылығы, әсіресе, Павлодар ауданында өткір тұрған мәселе. Бүгінде 53 шаруа қожалығы мал санын азайтуға бел буған. Суармалы егіс алқаптарының саны артқан сайын жайылым жерлер тарылып барады. Өсімдік өсірушілер тың жерлерді жыртып тастаған. Құнары кеткен қара далада қайтып мал өсіп-өнеді дейді шаруалар.

Қуандық Түтпаев, шаруашылық басшысы:

– Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға қазір қиыншылық туып тұр. Өйткені мына жеріміздің барлығын жыртып-жыртып, тілімдеп тастаған. Кім жыртып жатқанын білмейміз. Мәселені шешіп берсін. Жыртылатын жер қайсы, мал бағатын жер қайсы, түсінуден қалдық.

Чернорецк ауылында облыс бойынша ең ірі суармалы егіс алқаптары орналасқан. Жетпіс мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерінің үштен бір бөлігі ғана мал жайылымына беріліпті. Кейбір көкөніс өсірушілер жер өңдеуге немқұрайлы қарайды. Жуырда солардың бірі мың гектарға жуық жерді бүлдіріп тастапты.

Хамза Оразбеков, Павлодар ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің жетекшісі:

– Біз бұл дерек бойынша акт толтырамыз. Жерді пайдаланушыға қатысты заңға сәйкес әкімшілік шара қолданылады. Ол жерді бастапқы қалпына келтіруі тиіс. Біз өз  жұмысымызды орындаймыз.

Соңғы жылдары жекеменшік үй аулаларында да мал басы артқан. Бірақ төрт түлікті бағатын жер қалмапты. Тұрғындар шабындық жерлердің де егістікке айналып кеткеніне наразы.

Серік Омаров, Чернорецк ауылдық округінің әкімі:

– Елді мекендерде жайылым көлемін арттыру керек. Өйткені тұрғындардың бәрі мал ұстайды. Ауылдық жерлерде малсыз күн көру қиын.

Өңірде бос қалған жерлер көп. Бірақ мал жаюға жарамсыз. Ал жер өңдеушілер алған жерлерін мемлекетке қайтаруға асықпайды.

Жалпы, облыс аумағында қараусыз қалған және бос жатқан жерлерді кері қайтару ісінің қолға алынғанына бірнеше жыл болды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат