Алматыдағы «Алаштың үйі» қиратыла ма?  

Алаш қайраткері, білікті заңгер Барлыбек Сырттановтың жүрген жер, басқан ізін қадірлеуіміз керек. Тарихшылар «Қазақ елінің тұңғыш уставын» жазған осы есіл ердің Алматыда тұрған үйін тапқан. Кезінде бұл үйде Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Біләл Сүлейұлы секілді алаштың ардақтылары келіп тұрған. Енді осы «Алаштың үйіндей» болған бұл мекенжай мемлекеттің қорғауына алынбай тұр. Себеп не? 

Алматыдағы Жұбаныш Бәрібаев көшесі, №5 үй. Осы үйде 1894 жылдан 1908 жылға дейін 14 жыл бойы қазақтың тұңғыш конституциясының авторы Барлыбек Сыртанұлы тұрған. «Бұл жөнінде тарихи деректер де сақталған», – дейді алаштанушы Елдос Тоқтарбай.

Елдос Тоқтарбай, тарихшы:

– Мен мына кітаптардың ішіне Барлыбек Сыртанұлының ұлы Әбдіқадырдың күнделіктерін кіргіздім. Күнделігінде ол «әкем Юных Коммунаров, 11, Бәрібаев көшесі, 5 үйде тұрған. Мен сол үйде 1897 жылы туылдым» дейді. Нақты, анық айтып отыр. Басқа ұрпақтарының және Барлыбектің көзін көрген зиялы қауым естеліктерінде дәл сол үй жазылғаны анық.

Ал Алматы қаласы Мәдениет басқармасындағылар бұл үй 1933 жылы салынған деген архив құжаттарын көрсетті. Барлыбек Сыртанов болса 1914 жылы қайтыс болған. Яғни, үй заңгер өмірден өткеннен кейін 19 жылдан соң салынған болып шығады.

Данияр Әлиев, қалалық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары:

– Деректерге сүйенетін болсақ, бұл Барлыбек Сыртановтың өмір сүрген жылдар мен ғимарат салынған жылдарда ешқандай сәйкестік жоқ. Яғни ол кісі қайтыс болғаннан кейін 20 жылдай өткенде салынған. Тянь-Шань шыршаларының бөренелерінен салынған. Бұл – ескі XX ғасыр басындағы үй.

Бұл құжатқа қатысты тарихшы Елдос Тоқтарбай мынадай тарихи деректерді келтіреді. Оның айтуынша6 1894 жылы Жетісу облыстық әскери генерал-губернаторы Михиал Ионов Сыртановты Ташкенттен алдырып, осы үйді берген. Ол заманда үйлерде ешқандай техникалық паспорт сияқты құжаттар болмаған. Ол патшалық кезең. Тарихшы: «Бұл үйдің құжаты 1930 жылдары кеңес заманында жасалған. Біз бұны шатастырмауымыз керек. Бұл Алаш тарихында 1910 жылы, 21 қазанда өткен Ұзынағаш съезінің қаулы-қарары қабылданған үй», – деп қосымша мәліметтерді келтірді.

Елдос Тоқтарбай, тарихшы:

– Сондықтан бұл үй болашақта Алматы қаласының тарихындағы Алаш қозғалысын түсіндіретін, жастарға дәріптейтін музей үйге арналуы керек. Бұл үйді бұзатын болсақ, өз қолымызбен құртатын болсақ6 біз төл тарихымызға балта шапқанымыз болады. Сондықтан бұл үйді қорғап қалу – әрбір қазақ азаматының міндеті. Өйткені бұл азаматтар – біздің тәуелсіздігіміз үшін атылып, жандарын оққа қарсы тосқан азаматтар. Ұрпақ парызы, ұрпақ міндеті дегенді түсінуіміз керек.

Қазір бұл үйдің 3 меншік иесі бар. Егер алдағы уақытта қаланың бас жоспарына сәйкес ауданның архитектуралық келбеті өзгертілетін болса, Сыртанов тұрған үйдің бұзылатыны сөссіз. «Осы жерде айта кететін бір жәйт Барлыбек тұрған үйдің қатарындағы көпес Филиповтің үйі мемлекет қамқорлығына алынған. Реставрация жасалып, ескі қаланың ескерткіші болып тұр. «Сыртанов тұрған үй де мемлекет иелігіне қайтарылса, дұрыс болар еді», – дейді тарихшылар. Әзірге Алаш қайраткерінің ұлы Әбдіқадырдың өмірбаянындағы мәліметтер куәлікке жарамай тұр.

Авторлары: Алмас Садуақас, Меруерт Қанағат, Радик Жақыпов