12 жасқа толмаған балаларға вакцина салынбайды – Айжан Есмағамбетова

Әзірге елде 12 жасқа толмаған балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салмайды.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова ата-анасы қалап тұрса да 12 жасқа толмаған балаларға екпе егілмейді деді. Өйткені Америкадан тапсырыспен алдырып жатқан «Пфайзер» вакцинасының мына дозасы тек 12 жасқа толған балаларға арналған екен. Біз білеміз, мұхиттың арғы бетіндегі елдер 5 жасқа толған балаларға екпе салуды бастап кеткен. Қазақстан әзірге ондай қадамға бара қойған жоқ. Егер қажеттілік туындап жатса ғана 5 жасқа толған балаларға арналған екпеге тапсырыс береміз деді. 

Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы:

- Қазақстанда тіркелген «Пфайзер» вакцинасы тек 12 жасқа толған балаларға арналған. Одан төмен жастағыларға салуға болмайды. Дозасы сай келмейді. Америкада коронавирусқа қарсы вакцинаны 5 жастағы балаларға да салып жатқанын білеміз. Бірақ оның мөлшері мүлдем басқа. Сондықтан екеуін шатастыруға болмайды.