ШҚО ауруханасында мәйітханаға арналған тоңазытқыш жоқ

Сол себепті Абай аудандық ауруханасының дәрігерлер қайтыс болған адамдарды екі сағаттан артық ұстай алмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Типтік талапқа сәйкес ең төменгі стандарт бойынша жұмыс істейтін медицина мекемесінде патологиялық анотомия мамандары да тапшы. Тұрғындар сараптама жасату үшін мәйітті қалаға апарып қайтуға мәжбүр. Қарауыл ауылының тұрғыны Құрмет Мақсатұлы жақында асқар тауы әкесінен айырылған. Көптеген ауылдастары сияқты ол да бақилық болған ет жақынын тезірек жерлеуге асықты. Өйткені ауданда медициналық сараптама жасата алмайды. Ал ескі мәйтхананың тоңазытқыш камерасы жоқ. Куәлік алу үшін кейде мәйітті қалаға апарып қайтуға тура келеді.

Құрмет Мақсатұлы, Қарауыл ауылының тұрғыны:

– Абай ауданының ауруханасында қаладағыдай жабдықталған мәйітхана болса дейміз. Өйткені біздің Абай ауданы Семейден алыс. Қалаға жеткізу үшін мәйтханада ұзақ сақталып тұру керек. Сондықтан бізге заманауи техникалар болса деген ойдамыз.

Бұл аурухана минималды нормативтер жөніндегі бұйрық бойынша жұмыс істейді. Соған сәйкес мұнда патологиялық анатомия бөлімшесі мен мәйітхана болуы міндетті емес. Медицина мекемесінің ауласында өткен ғасырдың 70 жылдарында салынған ескі мәйітхана бар екенін де айта кетейік.

Бақытжан Қалбабаев, Абай аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

– Біздегі мәйітхана уақытша. Мынау стационарда қайтыс болған науқастарды 2 сағат сақтауға арналған. Паталогоанотомиялық сараптамаларға жібергенге дейін немесе туыстары алып кеткенге дейінгі 2 сағат аралығында сақтауға арналған. Бүгінгі күні жұмыс істеп тұр.

Ол үшін ең алдымен тоңазытқыш камера керек. Оның құны 5 миллион теңге көлемінде. «Алатын жерді де тауып қойдық. Қазір келіссөз жүріп жатыр», - дейді дәрігерлер.

Айта кетейік, Абай ауданында жыл басынан бері 100-ден астам адам қайтыс болған.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Әсем Өтешева, Берік Жобалайұлы