Мұнайлы өлкеде спортшылар көбейді

Маңғыстау облысының тұрғындары жаппай бұқаралық спортпен шұғылданып жатыр. Биыл салауатты өмір салтын ұстанушылар қатары тағы 13 мың адамға толыққан. Бұған теңіз жағалауында, үй аулалары мен көшелерде ойын-жаттығу алаңдарының көптеп салынуы оң ықпал етіп отыр. Жалпы өңірде 804 спорт нысаны бар. Оның көбінде үйірмелер тегін.

Жыл басында Ақтауда «Біздің аула чемпиондары» атты әлеуметтік жоба қолға алынды. Оған аймақ бойынша 65 аула клубы қамтылды. Оның 24-і облыс орталығында, қалғаны Мұнайлы ауданы мен Жаңаөзенде орналасқан. Ашық ауада футбол, волейбол және баскетболдан жаттығулар тегін жүреді. Бапкерлері – зейнет жастағы азаматтар.

Наз Бисенбек, оқушы:

– Өте керемет тренер. Ол біздің көп затқа үйретеді. Мысалы, допты ұстап-лақтыруға және де волейболға. Көптеген балаларды осы жақта ойнатады. Достармен бірге ойнаймыз.

Олег Моисеев, зейнеткер:

– Ұлдар мен қыздар басында бөлек команда болып жаттығатын. Қазір араласып футбол, баскетбол ойнайды. Ата-аналарын кешкілік қолы боста осында келуге шақырамын.

Ал Жетібай ауылы спорт кешенінде тегін жаттығатын жеткіншектер бірінен соң бірі спорт шебері атанып жүр. Былтырдан бері Қарақия ауданында таэквон-до үйірмесінен 2 спорт шебері мен 9 спорт шеберіне үміткер шықты.

Әйгерім Аллаберген, таэквондодан спорт шеберіне үміткер:

– Жетібайдың, өз ауылымның атын шығару – ең басты мақсатым. Жаттықтырушым – өте жақсы адам. Қатал болатын жерде қатал, жұмсақ болу керек жерде жұмсақ болады. Мотивацияны өте жақсы береді.

Маңғыстауда биыл салауатты өмір салтын ұстанатын адам саны 207 мың 500-ге жетті. Бұл, аймақ тұрғындарының 36,8 процентін құрайды.

Қанат Жұмабаев, облыстық спорт басқармасының басшысы:

– «Біздің аула чемпиондары» жобасына және балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің, сонымен қатар нысандардың салынуы спортпен шұғылданушы халық санының өсуіне септігін тигізіп отыр. Ауылдық жерлерде 128 мың халық спортпен шұғылданады. Соның ішінде биыл 1 спорт кешені мен 2 спорзал салынды. Сонымен қатар 13 спорт алаңдары салынды. 56 спорт түрінен 249 спорт секциясы ашылып, жұмыстары жүргізіліп басталды.

Келер 4 жылда облыс бойынша 100 спорт алаңы, 10 дене шынықтыру залы мен 4 спорт ғимараты салынады. Сәйкесінше, бұқаралық спорт түрлерімен шұғылданатын халық санын 50 процентке жеткізу күн тәртібінде тұр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев