Талантты журналист Виктор Кияницаның бейнесі оқырман жадында мәңгі сақталады

Кеше «Комсомольская правда» газетінің бас редакторы Виктор Кияница 57 жасында өмірден озды. Журналистика саласының қыр-сырын жетік меңгерген маман ковид жұқтырып, қауіпті індеттің құрсауынан шыға алмады. Бір жылдары «Хабар» арнасында «Жеті күн» бағдарламасына жетекшілік еткен Виктордың туған-туыстарына ұжымымыздың атынан қайғырып көңіл айтамыз.

Қазақстан журналистер академиясының академигі Виктор Кияница Мәскеудегі Ломоносов университетін тәмамдаған соң еңбек жолын «Комсомольская правда» газетінен бастайды. Білімі мен біліктілігінің арқасында журналистика саласында абыройы арта берді. Ол қай жерде қызмет жасаса да өзінің көркем мінезімен ғана емес, білімі, пайым-парасатының арқасында сыйлы болды. Сондықтан да оны жасы да, жасамысы да құрметтейтін еді дейді әріптестері.

Иван Резванцев, журналист:

- Мені таңқалдыратын тағы бір қасиеті өте еңбекқор адам еді. Ешқашан ерінбейтін. Басшы екенмін демейді. Барлық жобаларды өз бақылауында ұстайтын. Яғни газеттердің әр санын бастан аяқ қарап шығып түзейтін жері болса түзетіп отыратын. «Комсомольская правдаға» келген кезде газеттің қарызы шаш етектен болатын. Сол жүгіріп жүріп, сол қарыздардың бәрін жауып, газеттің екінші тынысын ашты.

Көптеген газет-журналдарда жұмыс жасаған Виктор Кияница 1998 жылы «Хабар» арнасындағы «Жеті күн» бағдарламасына жетекшілік етті. Мұнда да өзінің журналистік қабілетін жан-жақты көрсете білген маман одан кейінде бірнеше жауапты қызметті аброймен атқарды.

Иван Резванцев, журналист:

- Келесі жылы біз өзіміздің радиомызды ашсақ деп жоспарлап жүрген едік. Газетіміздің әлеуметтік желідегі ахуалын жақсарту ойда болған. Өкінішке орай енді сол жоспарларды біраз ысыра тұруға тура келеді. Дегенмен, келешекте Виктор Кияницаның барлық жоспарларын жүзеге асырамыз деген ойдамын. 

Иә, Виктор Кияницаның алдына қойған арман-мақсаты көп еді. Амал қанша? Ажалға ешкім араша тұра алмайды. Марқұммен қоштасу дүйсенбі күні өтеді. 

Жандос Айтбайұлы, Валентин Лобанов