ШҚО-да коронавирустан емделіп шыққандар қосымша оңалтудан өтіп жатыр

 

Шығыс Қазақстан облысында коронавирустан емделіп шыққан жұрт қосымша оңалтудан өтіп жатыр. Бұл шара былтыр басталған. Содан бері бір ғана Өскемендегі Оңалту орталығында 600-ге жуық азамат денсаулығын жақсартты. Мұндай медициналық қызметке деген сұраныс әлі де жоғары. Сондықтан өңірде қосымша орын ашу да жоспары бар.

34 жастағы Асхат Өскемендегі оңалту орталығына Риддерден келіп ем қабылдап жатыр. Қыркүйекте вирусты отбасы мүшелерінің бәрі жұқтырған. Өкпесінің көп бөлігі зақымданған. Коронавирустың кері салдары көп екен дейді Асхат. Тынығу режимі бұзылған, ашуланшақ болып, жүйке-жүйесі сыр беріпті. 

Енді Асхатты күн сайын бір топ маман бақылайды. Бірнеше терапиядан өтеді. Мәселен, қазір писхологиялық кабинетте сенсорлы терапия қабылдауда. Айтуынша, жағдайы келгендегіден біршама түзеліпті.

Асхат Кабаев, емделуші:

– Әрине, жағдайым жақсарып қалды. Осы жерге физикалық жағынан да, психологиялық жағынан да әбден әлсіреп келген едім. Ашуға тез бой алдыратынмын. Қазір біршама жақсарып қалдым. Бұл жердегі терапия түрлері де, тіпті, дәрігерлердің қарым-қатынасы да жақсы әсер етті. Аз күннен кейін шығарады. Отбасыммен қауышамын.

Асхат сияқты тағы бірнеше адам ем қабылдап жатыр. Барлығының жағдайы ұқсас.Карантиндік шектеу,оқшаулау,дәрі-дәрек қабылдау, ақыр соңы әбден жазылған соң ортаға қайта оралу- бұл адамдар үшін оңай нәрсе емес.

Әліби Рысбаев, психолог:

– Бұл ауруханада бір науқасқа бір емес, бірнеше маман қарайды. Әр науқастың өз писхологы, инструкторы, массаж жасайтын, реабилитолог дәрігері бар. 

COVID 19 дан жазылып шыққандар амбулаториялы, күндізгі стационарлы және тәуліктік режимде ем қабылдайды. Бұл жерде тіпті сатурациясы тұрақсыз науқастарға оксигенді терапия да қарастырылған. Дегенмен орталыққа коронавирустан емделгендердің барлығы бірдей жіберілмейді.

Елена Мусина оңалту орталығының реабилитолог дәрігері:

– Бізге жіберілмес бұрын сол науқасқа қатысты комиссия отырысы болады. Ол жерде оның оңалтуға қажет «шкаласы» анықталады. Өкпесінің зақымдануы 50 проценттен асқандар осында жіберіледі. Әрине, қазір сұраныс жоғары. Оны біз көмек көрсеткен адамдардың санынан-ақ байқауға болады.

Сондықтан өңірде Жаңа жылдан соң осындай науқастарға арналған тағы 40 орын ашу жоспарланыпты.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин