Қарағандылықтар қыс басталмай жатып көктайғақтан мезі болған

Қарағандыда ауа райының қолайсыздығы салдарынан түрлі дене жарақатын алғандар саны күрт артты, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Өткен тәулікте 23 жол-көлік оқиғасы болып, бір жаяу жүргінші көз жұмған. Травматологиялық орталыққа 370-ке жуық адам келіп қаралған. Күндіз қар еріп, кешкілік көк мұз болып қатып жатады. Бұл жаяу жүргіншілерге де, көлікке де айтарлықтай қиындық тудырады.

Әдетте осы жолдардан жүйіткитін темір тұлпар иелері бүгін барынша сақ. Жалпы, қалада қазір бірер сағатта 4 маусымға тән құбылыстың төртеуін де байқауға болады. Әсіресе кешкі мезгілде қала алып мұз айдынына айналғандай әсер қалдырады. Мұның салдарын жаяу жүргіншілер тартып, мезі болған.

БЛИЦ:

- Тек қана мына орталықтарды тазалап жатыр, жүретін жердің тек басын ғана тазалаған. Ортасын тазаламаған. Суға батып келіп жатырмыз.

- Сабаққа ерте шығуымызға байланысты тайғақ болады. Сосын қайтатын уақытта аяғымыз су болып, етігіміздің ішіне су кіріп, суық тиіп ауырып қалып жатырмыз.

Коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қазір қала көшелеріне 130-ға жуық техника мен 100-ден астам адам жұмылдырылған. Бірақ табиғаттың тосын мінез танытуына байланысты үлгермей жатқандарын айтады.

Мақсұт Қожанов, Қазыбек би атындағы аудан әкімінің орынбасары:

- 10 бригада бүгінге дайындадық, екі ауысыммен істеп жатырмыз. Сағат 9 дан 5-ке дейін бірінші ауысым, содан кейін кешкі 8-ден таңғы 5-ке дейін екіншісі жұмыс істейді.

Ауруханаларға бір тәулікте 370 адам қаралған. Олардың басым көбі жол-көлік оқиғасының салдарынан жарақаттанғандар немесе тайып жығылғандар. Мамандар аса ауыр жарақат алғандар болмаса, басқасын үйлеріне жіберіп жатқандарын айтады.

Ерік Шонбаев, Х.Мақажанов атындағы облыстық травматологиялық орталықтың бөлім жетекшісі:

- Қазіргі біз байқаған тенденция – тұрғындар әсіресе кешкі сағат 19:00-ден бастап, түнгі 12-лерге дейін ағылып келіп жатыр. Яғни жұмыстан, оқудан қайтқан уақыттар. Басым көбі осында қаралып, үйлеріне жіберіледі. Олардың көбі буындарын шығарып немесе сіңірлерін созып алып жатады. Сирек болса да, дене мүшелерін сындырып алып жатқандар да бар. 

Полицейлерде алда көктайғақ боларын, сондықтан реті келсе жол жүруден бас тарту керектігін ескертіп жатыр. Тек өткен тәулікте облыста 23 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 1 жаяу жүргінші көз жұмған. Ал синоптиктер болса ертеңнен бастап сарышұнақ аяз қыспаққа алады дейді.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев