Алматы облысының шалғай жатқан ауылдарына көгілдір отын жетті

Облыс орталығынан шалғай жатқан Балқаш ауданына 51,2 км газ құбыры тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасының мәліметіне қарағанда, Бақанас ауылында табиғи газға қосылуға 2137 абонент мүмкіндік алды. 500-ден астам үй көгілдір отынға қосылуға дайын. Балқаш ауданының Ақдала ауылына газ жеткізу құбырының және газ тарату құбыры құрылысының жобасы аяқталуға жақын. Сол сияқты Алакөл, Ақсу, Сарқан аудандарын газдандыру үшін «Қапал», «Жансүгіров», «Сарқан», «Қойлық», «Қабанбай» және «Үшарал» АГТС-тарына бұрылатын «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбыры құрылысының» жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Газ құбыры трассасының жалпы ұзындығы 318 шақырым. «Талдықорған - Үшарал» магистралды газ құбырынан барлығы 148 елді мекенге газ жеткізіледі, яғни 156,4 мың адам газбен қамтылады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде келесі жылы Алматы облысының газдандырылу деңгейін 6%-ке жеткізу жоспарланған.