Алматы облысындағы балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлеріне жаңа көліктер берілді

Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлеріне су жаңа көліктердің кілті тапсырылды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бұл инспекция Жетісу жеріндегі екі көл мен Қапшағай су қоймасындағы және Іле өзеніндегі заңдылықтың сақталуын қадағалайды. Су айдындарының ара қашықтығы алыс болғандықтан, инспекторларға жаңа техника ауадай қажет. Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы өткен 10 айында мыңға жуық рейд жүргізіп, 500-ге жуық заңбұзушылықты анықтады. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша 103 материал сотқа жіберілді. Балықты заңсыз аулағандардың үстінен қозғалған 25 қылмыстық іс ашылды.

Нұрлан Құматаев, Қапшағай қаласының әкімі:

- Республикалық деңгейде оперативті штабтар өтіп жатады «Нерест» деген. Соған қазіргі таңда бұл көліктердің бәрі қажет. Көріп отырсыздар, 6 көлік алып келді. Енді екеуі жолда келе жатыр. Одан бөлек, облыстық әкімшіліктің тарапынан бір жеңіл көлік беріліп отыр.

Ринат Құмашев, Балқаш – Алакөл облысаралық балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:

– Заң бұзушыларға жыл басынан 10 миллион теңгеге жуық айыппұл салынып, балық ресурстарына келтірілген залалға 18 миллион теңгеге жуық талап арыз берілді. Сонымен қатар заң бұзушылардан 11 тоннаға жуық заңсыз ауланған балық мемлекет тарапына тәркіленді. Экология министрлігімен инспекцияға жаңа машиналар беріліп, осы машиналардың арқасында біздің инспекцияның жұмысы жеңілдейді деп ойлаймыз.