А.Цой: Қауіпті инфекциялық аумақтағы дәрігерлерге үстемақы төленеді

Қауіпті инфекция көп таралған өңірде жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне үстемақы қосылады, деп хабарлайды Хабар 24.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой менингит, конго-қырым безгегі сынды коронавирустан да қауіпті инфекциялардың барын айтып, олармен күресетін мамандарға қосымша үстеме ақы қарастырылатынын жеткізді. Алайда оның нақты қандай мөлшерде болатынын, кімдерге, және қай уақыттан бастап берілетіні жайлы тіс жармады. Бұған дейін Президент денсаулық сақтау қызметкерлеріне жалақыдан бөлек үстемеақыларды тұрақты түрде төлеу туралы тапсырма берген еді. Бүгін Мәжілістің отырысында биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде заң жобасының бірінші оқылымы болды. Оның мақсаты –  биологиялық қатерлі дерттің түрлерін ерте анықтап, олардың алдын-алу. Осы ретте, биологиялық қауіпсіздік саласында бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесін құру, тиісті мониторинг жүргізу және патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істейтін нысандардың қызметін реттеуге қатысты бірқатар міндеттер қойылған. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған заң жобасы Мәжілістің жалпы қарауына алынды. Журналистерге берген сұхбатында денсаулық сақтау министрі елдегі эпидахуал тұрақталғанымен, қауіптің бұлты сейілмегенін жеткізді.

Алексей Цой,ҚР денсаулық сақтау министрі:

– Коронавирус ешқайда кеткен жоқ. Алдағы мейрам күндеріне қатысты жағдай қалай болады деп қауіптеніп отырмыз. Бұл ретте көпшілік жиналатын корпоративті жиындарға бармай, шыдап бағуымыз керек. Өйткені вакцина салдырған күннің өзінде адам қарасы қалың жерде вирустың таралуы қаупі жоғары. Әсіресе адам тамақтанатын жерлер қауіпті. Себебі адамдар еріксіз маскасын шешеді, әрі ондай жерлерде әлеуметтік қашықтықты үнемі сақтала бермейді. Сондықтан азаматтарымызды үлкен жиын-тойларға бармай, мейрамдарды үй ішінде атап өтуге кеңес береміз.