«Wizz Air Abu Dhabi» әуе компаниясы Қазақстанға жаңа рейстерін ашады

2021 жылғы 17 желтоқсанда «Wizz Air Abu Dhabi» әуе компаниясының Алматы – Абу-Даби бағытындағы жаңа халықаралық рейсінің ашылу рәсімі өтеді.

Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компаниясының сайтында жарияланған кестеге сәйкес аптасына 2 рейс, сейсенбі және жұма күндері А320NEO әуе кемесімен орындалады.

«Wizz Air Abu Dhabi» әуе компаниясының Абу-Даби – Нұр-Сұлтан бағытындағы рейсін 2022 жылдың қаңтар айына ашу жоспарланған.

Жаңа бағыттың ашылуы елдер арасындағы байланысты арттыруға, сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуға және туристік ағынды ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ел тұрғындары мен қонақтарына «Wizz Air Abu Dhabi» әуе компаниясы ұсынатын барлық артықшылықтар мен қызметтерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Ашылу салтанатына ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Мадияр Меңілбеков, Алматы қаласы әкімдігінің басшылығы, «Wizz Air Abu Dhabi» әуе компаниясының және Алматы қаласы әуежайының басшылығы қатысады деп жоспарланып отыр.