Қызылорда облысында жасұландықтар ҰОС ардагерімен кездесті 

Отан соғысының ардагері, ғасыр жасаған Яхия Тасыров қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Хабар 24.

Ұлық мейрам қарсаңында Сырдария ауданындағы «Жас ұлан» ұйымының өрендері майдангердің шаңырағына барып, патриоттық әндер орындады.

Яхия Тасыров 1922 жылдың қаңтар айында Сырдария ауданының Асқар Тоқмағанбетов ауылында дүниеге келген. 1941 жылы әскер қатарына алынып, одан әрі майданға аттанды. Автоматшылар ротасында болған майдангер жау қолына өткен бірнеше қаланы азат етуге қатысты. Қанды шайқастар туралы айтар естелігі көп. 

Яхия Тасыров, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Сталинградты бітіргесін Курскке бардық, одан бүкіл Беларуссияны тазалап, Польшаны тазалап, 1944 жылы Польшаның ар жағындағы біздің шекараға барып жаттық. 1945 жылы Берлинге 70 шақырым қалған. Ауыр жарақат алдым. Екі аяғымнан.

Ұлы Жеңіске санаулы күн қалғанда Берлин түбінде жарақаттанған Яхия Тасыров аяқтан айырылдым деп ойлапты. Алайда дәрігерлердің біліктілігінің арқасында ауыр жарақаттан айығып, екі аяғынан нық тұрған. Елге келгесін мектепте әскери даярлық пәнінен сабақ берген. Май өндіретін зауыттарда еңбек еткен. Кейін отын дайындау мекемесінде жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Жас ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған батагөй қарияға Сырдария ауданының құрметті азаматы атағы берілген.

Яхия Тасыров, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Өткен ата-бабаның аңсағанының арманына жеткендігін, Егемендік алғандығымыз құтты болсын. Бақытты, балдар дәулетті болыңдар. Өмірлерің ұзақ болсын. Аспандарың ашық болсын. Бейбітшілік заман болсын. Енді соғыс деген бәлесі құрысын. Біздің тіккен туымыз, 30 жыл болды, мінекей, ғасырдан-ғасырға өте берсін.

Яхия Тасыров 100 жасқа келсе де әлі тың. Қимылы ширақ, ойы орамды, сөзі маржандай. Қазыналы қарт аудандағы түрлі іс-шараларға белсенді қатысады. Өскелең жасқа өнегелі өсиет айтуыдан бір сәтке жалыққан емес. Ал, ауыл жастары майдангерді әр мереке сайын құттықтап, қуантуды үрдіске айналдырған.

Автторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов