476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Келер жылы Алматыдағы баспана бағасы қалай болады?

  • 379
  • UPD: 23:35, 21.12.2021

Алдағы жылы Алматыда баспана бағасының арзандауы екіталай дейді сарапшылар. Биыл қалада жаңадан салынған үйдің бағасы 20-25% өсті, деп хабарлайды Хабар 24.

Оған азаматтардың зейнетақы қорында жиналған ақшаларын тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсауы әсер етті. Дегенмен келесі жылы халықтың төлем қабілеті бәсеңдейді. Тиісінше тұрғын үй бағасы да тұрақтануы мүмкін екенін айтады

Алматыда құрылыс қарқынды. Мегаполисте биыл 2,5 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі. Баспана салу ауқымды болғанымен бағасы бәрібір қымбат. Мысалы, қала шетіндегі 45 шаршы метрлік 1 бөлмелі пәтердің құны жарты жылдың өзінде 15-20% қымбаттап, орталықтағы бағамен теңесті. Ал қарапайым тұрғындардың үй алуға үміті зор болғанымен, мүмкіндігі аз.

– Менің ойымша жаңа үйлердің бағасы қымбаттайды. Өйткені құрылыс материалдарының бағалары қымбаттап жатыр.

– Банктің проценті көп. Мен «Бақытты отбасы» сияқты программаларға жатпаймын. Былай ипотека алған кезде 14 процент. 8% өзі көп болып тұр. Ал ақша жинауға қазір мүмкіндік жоқ.

– Ол мүмкін емес. Жалақысы жоғарылар алуы мүмкін. Ұмтылып, жан-жақтан көмектесіп деген сияқты.

«Отбасы банкінің» мәліметінше, 2021 жылдың қаңтар-қараша айларында 414 мың ел азаматы зейнетақы қорында жинақталған қаржысын үй жағдайын жақсартуға пайдаланыпты. Бұл шамамен 1,7 трлн теңгеге жуық. Осы жағдай жаңадан салынған пәтердің ғана емес ескі үйдің бағасының өсуіне де әсер етті. Ал келесі жылдың сәуір айынан бастап ең төменгі жеткіліктілік шегі өседі. «Сондықтан 2022 жылы үйге деген сұраныс биылғыдай болмайды», – дейді экономист Мақсат Халық.

Мақсат Халық, экономика сарапшысы:

– Қазір ондай көлемде ақша жатқан жоқ ол жерде. Ол жерден адамдар «Отбасы банкіндегі» депозиттік шоттарына ақшаны аудару мүмкіндігіне ие болып отыр. Ол 1, 2 млн болуы мүмкін. Ол аударған күннің өзінде 3 жыл уақыт беріледі. 3 жылдың ішінде асықпай өзіне тиісті қаражатты жинап сосын ғана нарыққа шығады. Демек өткен жылғыдай сұранысты туғызбайды деген сөз.

Мамандардың айтуынша, пәтер алушылардың 40% оны қолма-қол ақшаға, 35 % бөліп төлеу арқылы, 25 % ипотекалық бағдарламалар арқылы алады. Бұл жерде ипотеканың үлесі төмен екенін көреміз. Соның өзіне тұрғындардың қолы жете бермейді. «Шарықтап кеткен баспана бағасы ары кетсе 5-10 процентке арзандайды»,дейді сарапшылар.

Лариса Алексеенко, риэлтор:

– Менің ойымша нарықта сұраныс азайса, баға тұрақтануы мүмкін. Келесі жылы бағаның өсімі биылғыдай болмайды. Ал сатып алушылардың саны екі есе төмендейді. Екінші деңгейлі банктер де өздерінің ипотекалық бағдарламаларын қайта қарастыратыны сөссіз.

Нарықтағы бағаның өсуіне құрылыс материалдарының қымбатшылығы да әсер етіп отыр. Үй салушы компаниялар шыққан шығынды пәтердің шаршы метріне қосып сатады. Қазір Алматыда пәтердің 1 шаршы метрінің орташа құны 500 мың теңге. Ал 2022 жылы да құрылыс материалдарының бағасы өсе бермек. Бірақ халықты баспанамен қамтудың жаңа әлеуметтік бағдарламалары пайда болуы мүмкін.

Авторлары: А. Садуақас, Р.Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы