ШҚО-ның құтқару қызметіне биыл 400 мыңға жуық қоңырау келіп түскен

Шығыс Қазақстан облысының құтқару қызметіне биыл 400 мыңға жуық қоңырау келіп түскен. Оқыс жағдайға тап болған 672 адам құтқарылды. Тіпті құтқарушылар жануарларды да аман алып қалған сәттер де кездеседі.

Құтқару қызметінің телефонында әдеттегідей тыным жоқ. Күні-түні шұғыл қоңырау түсіп жатады. Биыл өрт пен техникалық апаттар жиілеп кетті. Бұған қоса тұрмыс жағдайында да болатын оқыс оқиғалар аз емес. Мәселен, әлденеге тап болған 162 балаға қатысты шақырту келген. Құтқарушылар осындай жайттардың бәріне үлгіріп, жедел көмек көрсете білді.

Маржан Ілбішева, облыс тұрғыны:

- Екі жарым жастағы балам саусағын есіктің арасына қысып алып жылады. Шығара алмадық. Содан құтқару қызметкерлерін шақырдым. Рахмет сіздерге. 

Тұрғындар жан-жануарларға төнген қауіп бойынша да құтқарушыларға хабарласады. Департамент қызметкерлері шұңқырға түсіп кеткен немесе батпаққа батып қалған жануарларды уақытында алып шықты.

Марина Лискова, облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:

- Ағымдағы жылы құтқарушылар 772 есікті бұзып ашып, оқыс жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетті. Олардың арасында 134 қария бар. Сонымен қатар биыл 12 бас ірі қара, 46 ит пен 26 мысық құтқарылды. 33 қауіпті сона ұясы жойылды.

Төтенше жағдайлар департаментінде қызмет атқару тәуекелшіл болуды талап етеді. Сала қызметкерлері жүктелген міндетті абыроймен атқарып, кез келген уақытта көмекке әзір екенін аңғартты.

Еркебұлан Смадияров, Берік Жобалайұлы