Түркістан облысында азық-түлік бағасы тұрақты ма?

Оливье салаты – жаңажылдық дастарханның дәстүрлі тағамы. Бүгін жұрт осы мәзірді дәмді етіп дайындау үшін базар аралап, барын жұмсады. Бірақ бұл өнімді әзірлеу үшін қанша қаражат керек? Себебі мерекеге орай тауарға сұраныс артып, азық-түлік бағасының көтерілуі үйреншікті жағдайға айналды, деп хабарлайды Хабар 24.

Жаңажылдық дастарханның сәнін келтіру үшін базар аралап жүрген жан көп. Әуелі көкөніс пен жеміс-жидек бөліміне бас сұқтық. Сауда сөрелерінде алманың келісі 350 теңгеден басталады. Ал мандарин сортына қарап 1500 теңгеге дейін жетеді. Қызығы сол, баға тұрақтылығы жоқ. Себебі экзотикалық жеміске жергілікті қияр мен қызынақтың бағасы теңестірілген. Келісі 850-900 теңгеден саудалануда.

БЛИЦ:

- Баға тұрақты. Қымбатшылық жоқ.

- Барлығы қымбаттап кетті. Қайда барсаңыз да, бәрі қымбат. Мысалы, мандариндер өткен жылы қанша еді? Ал биыл неге сонша қымбат?

- Алма, мандариндер 400-450 теңгеден де бар. Кейбір заттар қымбат.

- Жоқ, қымбатшылық жоқ. Сол баға. Алма 350-350 болып тұр.

Кәсіпкерлік басқармасындағылар қымбатшылық жоқ дейді. Себебі жіті қадағалаудың арқасында нарық бағасы тұрақты. Ал саудагерлердің тарапынан бағаны негізсіз көтеру жағдайы анықталса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Әзірге тәртіп бұзушылық жағдайы тіркелмеген.

Абай Шеңгелбаев, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының бөлім басшысы:

- Бізде жұмыс тобы мен комиссия құрылған. Күн сайын базарларға шығып, дүкендерді аралаймыз. Осылай бәрін тексеріп отырамыз. Соңғы рет біз қыркүйек айында бағаның өсуін тіркедік. Ол кезде қарақұмық қымбаттаған еді.

Өңірдегі біршама сауда нүктелерінде азық-түліктің бағасы тұрақтандыру қорымен бірлесіп темендетілген бағада сатылуда. Мұнда 19 әлеуметтік маңызы бар тауар 15-20% арзан.

Лаура Жанасбаева, ӘКК АҚ департамент директоры:

- Қанттың бағасы келісіне 270 теңгеден сатылуда. Картоп пен сәбіз 100 теңгеден. Басты пияз 70 теңгеден. Әлеуметтік нанның бөлкесі 70 теңгеден сатылуда. Бұл базардан, нарықтан біршама төмен деңгейде сатылуда. Түркістан қаласында әлеуметтік дүкендердің санын көбейтуге жұмыс жасалуда.

Қазір тұрақтандыру қорында 6 мың тоннадан астам ұн, қант, күріш, өсімдік майы және басқа да азық-түлік тауары бар. Бұл баға нарығын реттеп, қыстан шығуға жетеді дейді мамандар. Егер сұраныс артып, қор азайса сәйкесінше толықтырып отырға мүмкіндік бар.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Рауль Ғабитов, Ерболат Әбіш