Қалалар қалыпты өмірге қайта оралуда

Қалалар қалыпты өмірге қайта оралуда

Еліміздегі басқа қалалар да қалыпты өмірге оралып жатыр.

Тәртіпсіздіктерден кейін шаһар көшелерінде тазалық жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылым қалпына келтірілуде. Бірақ кей қалаларда қауіптің қызыл деңгейі сақталуда. Лаңкестікке қарсы операциялар жалғасып жатыр.

ШЫМКЕНТ

Шымкент қаласының жұртшылығы қалыпты өмір ырғағына қайта түскен. Елдің тыныштығы сақталып, кәсіпкерлер сауда кешендері мен азық-түлік базарларын ашып жатыр. Жұртты дүрліктіргендердің алды ұсталып, тергелуде. Интернет беріліп, кейбір банктердің мобильді қосымшалары жұмыс істеп тұр. Ел ішінде еріктілерден белсенді топ құрылып, жұртты сабырға шақыруда. Құрамында айтыскер ақындар, белгілі спортшылар, ерікті жастар бар. Қаланың шыға беріс қақпалары мен әкімдік ғимаратының маңына блок бекеттер қойылған. Шаһарға кіріп-шығу шектелді.

АТЫРАУ

Атырау облысында жағдай тұрақталып келеді. Қаладағы Исатай-Махамбет атындағы орталық алаң тазартылды. Қазір ол жерді тәртіп сақшылары күзетіп тұр. Алаңға келтірілген залал байқалмайды. Барлық стратегиялық нысандар күштік құрылымдар бақылауында. Облыстық әкімдіктің кіреберісіндегі сынған есік-терезелердің орыны тазартылған. Қалаға кіретін негізгі автокөлік жолдарына қойылған блок бекеттер қалыпты жұмыс істеп тұр. Әр жолаушы мен көліктің жүк салғыштары толық тексеріліп жатыр. Әзірге қолға түскен күдіктілер жоқ.

Қайрат Бекенов, облыс әкімінің орынбасары:

- Тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету күшейтілді. Маңызы бар нысандар қалыпты реимде жұмыс істеуде. Стратегиялық нысандар мен мемлекеттік органдардың барлығын күштік құрылым күзетуде. Азық-түлік қоры, банкоматтар тиісті ақшалар мен тұрақты толтырылуда.

ҚЫЗЫЛОРДА

Қызылордада да қоғамдық тәртіп қалпына келтірілген. Қазіргі таңда мүліктік шығындарды есептеу және зерделеу бойынша арнайы комиссия құрылды. Өртеніп кеткен техникалар, қала көшелерінен алынып, тазалық жұмыстары жүріп жатыр. Қоғамдық көлік қозғалысы да біртіндеп ретке келуде. Бірақ қалада қауіптің қызыл деңгейі сақталып отыр. Өйткені облыс орталығында антитеррорлық операциялар әлі де жалғасып жатыр. Қазір ел ішінде бұзақылардың әрекеті жөнінде түрлі қаңқу сөздер өріп жүр. Осы ретте коммендатура өкілдері жұртшылықты тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады.

АҚТӨБЕ

Ақтөбеде де жағдай тұрақты. Қаладағы орталық алаңды коммуналдық қызметтер күл-қоқыстан тазартып, қайта қалпына келтіріп жатыр. Облыстық әкімдік ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары бұзақылардың әрекетінен болған шығын есептелгеннен кейін қолға алынады. Өңірде жаппай тәртіпсіздік кезінде тек жергілікті атқарушы билік орналасқан нысан ғана бүлінген. Әкімдікке баса-көктеп кіргендер кейбір бөлмелердің есік-терезесін сындырып, жиһаз бен кеңсе техникасын қиратқан. Қазір аймақта жағдай бірқалыпты, полиция мен әскерилер бақылауында.

Дәурен Ақашұлы

Президент елдегі жағдайға байланысты бірқатар тапсырма берді.

Бұған дейін үкімет отставкаға кеткен болатын. Премьер-министрдің қызметін уақытша Әлихан Смайылов атқарады. Ерлан Қарин Мемлекеттік хатшы болып тағайындалды. Ал Алматы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай режимі енгізілді. Жалпы бұған дейін Қазақстанда төтенше жағдай неше рет жарияланды. Төтенше жағдай кезінде нені білу керек.

Бұған дейін айтылғандай, газ бағасын арнайы комиссия реттейді. Ал Сенат төрағасы наразылық шарасы диалог негізінде шешілу керектігін айтқан. Сондай-ақ газ бағасының көтерілуіне қатысты тергеу жүріп жатыр.

Осы тақырып бойынша өзге тақырыптар:

Ел неге толқыды

Маңғыстау облысында газ бағасы 50 теңге болды

Ақтөбеде газ бағасы 50 теңгеге түсті

Тоқаев елдегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

Маңғыстау облысының әкімі наразылық білдірген жаңаөзендіктермен кездесті