Бүлік кезінде антына адал болған жас офицердің әрекеті көпшілікті сүйсіндірді

Отан қорғау – асыл міндет! Кешегі дүрбелеңде бүлікшілердің сөзіне ермей, антына адал болған жас офицердің әрекетіне көпшілік сүйсінді.  

Ақтөбе облыстық әкімдігін қорғаған лейтенанттың антына адалдық танытып, арандатушылардың сөзіне ермеуі көпшіліктің таңданысын тудырды.

Сол сәтте түсірілген бейнежазба бүгінде ғаламтор желісін шарлап кеткен. Ал Ұланның өзі жанына жетіп келген топпен сөйлесіп тұрғанда, бәзбіреулердің камераға түсіргенін байқамай қалыпты. Дегенмен бүлікшілердің әскерилерге түрлі сөз айтып, өз жақтастарына айналдыруға талпынғаны әлі жадында.

Ұлан Мырзабай, 6655 әскери бөлімінің офицері:

– Жалпы біздің жаққа ауыс! Бетің, келбетің әдемі, көзің момын. Сен біздің арамызға тұрсаң, қалғандары сенің артыңнан ереді дейді. Мен өзіме берілген бұйрықты орындадым деп ойлаймын. Әріптестерім мен менің қызметшілерім  – бәріміз бір-бірімізді қолдап, сол жағдайдан өтіп шықтық. Бұйрықты орындау, сосын өзімнің жеке құрамымымды аман сақтау, ата-аналарына жіберу – бүкіл офицерлердің жалпы міндеті ғой.

Өз өмірін Отанын қорғауға арнаған Ұлан Мырзабай Алматы облысының тумасы. Қапшағай қаласында білім ұясының табалдырығын аттап, кейін елордадағы республикалық «Жас Ұлан» мектебінде оқыған. Одан кейін Петропавлдағы әскери институтты тәмамдап, былтыр Ақтөбеге келісім-шарт негізінде ауысқан. Содан бері, жас офицер өзі секілді ел тыныштығын қорғайтын батыл жүректі сарбаздарды дайындайды. Ал, 5-қаңтар күні облыс әкімдігі ғимаратын бүлікшілерден қорғау кезінде ерлігі ел аузында жүр.

Нұрсұлтан Мұхамеджанов, 6655 әскери бөлімі дивизия командирінің орынбасары:

– Менің ойымша, Ұлттық Ұланның әрбір қызметшісі батыл. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде бар-күш жігерін салуға дайын. Бұйрықты абыроймен орындай алады. Ал, Ұлан топты өткізбеуге қатысты алдына қойылған міндетті адал атқарды.

Офицердің ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Облыс басшылығы Ұланға алғыс хат берсе, оны тәрбиелеп өсірген әжесіне «отан қорғаушының анасы» төсбелгісін табыс етті.