Ақмола облысында азық-түлік қауіпсіздігі бақылауға алынды

Ақмола облысында әлеуметтік маңызы бар тауар құнының өсімін болдырмау шаралары қолға алынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес өңірде бағаны тұрақтандыру жұмыстары жүйелі негізде жүргізіліп келеді. Жергілікті мониторинг тобы күн сайын сауда орындарын қадағалап, үстемені 15 проценттен асыратындарды анықтайды. Заңды бұзғандар әкімшілік жауапқа тартылып жатыр. Коронавирус індетінің таралуына жол бермеуге де басымдық берілген.

Ақмола облысында әлеуметтік маңызы бар тауар бағасының өсімін болдырмау үшін жергілікті әкімдіктің жанында арнайы комиссия құрылды. Ол шаруалар және кәсіпкерлердің сауда жүргізу барысын қатаң қадағалайды. Азық-түлік өндірушілеріне жеңілдікпен сомасы 1,6 миллиард теңгені құраған несиелер берілді. Тұрақтандыру қорына 3 мың тонна тауар әкелінде. Тағы 6 тоннасын жеткізуге тиісті келісімдер жасалды. Бұл өнімдер «Көкше-Маркет» әлеуметтік дүкендері арқылы саудаланып жатыр.

Жасұлан Айдрахманов Ақмола облысының Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

- Қабылданып жатқан шаралар Мемлекет басшысының инфляцияны тежеу бойынша тапсырмаларын орындауға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауар бағасының индексі 0,2% құрады. Республикада бұл көрсеткіш бойынша Ақмола облысы алтыншы орында.

Өңірде коронавирустың омикрон штамының таралуын тоқтату бойынша күрделі шаралар қолға алынып жатыр. Халықты вакциналау үшін 100 екпе салу орны ашылған.

Нариман Сыздықов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қазір коронавирустың бесінші толқыны жүріп жатыр. Бұған дейінгі штамдарға қарағанда омикрон әлдеқайда тез жұғады. Болашақта ол да мутацияға ұшырауы мүмкін. Сол себепті вакциналау қарқынын арттыру қажет.

Жергілікті ауруханалар науқастарды қабылдауға толық дайын. Барлық төсек орындары оттегімен қамтамасыз етілген.

Нұрлан Жаров, облыстық көпбейінді аурухананың директоры:

- 2020 жылы біз карантиндік стационарларды аштық. Бүгінде коронавирусқа қарсы жүрігізіліп жатқан күрестің қарқыны жоғары. Барлық науқасқа сапалы медициналық қызмет көрсетуге дайынбыз.

Сондай-ақ облыстағы барлық медициналық ұйымда 2 айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар. Тұрғындарды қажетті препараттармен қамтамасыз ету мақсатында мониторинг жүргізіліп жатыр.

Дариға Ташенова