Жарты пәтерақыны төлеп беру жобасы: министр жұрттан «сүйінші сұрады»

Жағдайы жұтаң жандар жалдап жатқан үйдің жарты ақысын мемлекет төлеп береді. Бұл жоба биыл мамыр айында жүзеге аса бастайды. Үкімет басшысына есеп берген министр Қайырбек Өскенбаев «бұқараны осылай қуанттым» деп ойласа керек.

Бірақ Президент былтыр үкіметке не жүктеп еді? Бірыңғай тұрғын үй бағдарламасын әзірлеуді тапсырған. Алайда жауапты министрлік қазір де қолданыста бар бағдарламалардың шарттарын айтудан әрі аспады. 

Министрлік бұл жобаны жарты жылға жуық уақыт дайындады. «Билікке өкпесі қара қазандай болған мұқым жұртты бір қуантып тастаймыз» деп ойласа керек.  Елде айлық табысы 70 мың теңгеден аспайтын 70 мыңға жуық отбасы бар екен. Солар жалдап жатқан пәтерақысының тең жартысын мемлекет төлеп береді. Жоба мамыр айында жүзеге аса бастайды деп, «сүйінші» сұрады.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- 50 % мемлекеттік субсидиялар есебінен жабылады, қалған 50 % алушы өз бетінше төлейді. 70 мың азаматқа қолдау көрсету үшін 50 млрд теңге қажет, бұл ретте көрсетілген қаражат жыл сайын кезекте тұрған адамдар санына байланысты өзгеруі мүмкін.

Бұл тұрмысын тіктей алмай жүрген жандар үшін керемет жаңалық. Оларға кәдімгідей қолдау болары анық. Бірақ елде баспана кезегінде тұрған жарты миллионға жуық адам бар екенін ескерсек, мұның теңізге тамған тамшыдай ғана екенін байқаймыз. Президент былтырғы жолдауында не айтып еді? Үкіметке біріңғай тұрғын үй бағдарламасын әзірлеңдер деген. Сол кезде көбі пайыздық мөлшерлемесі төмендеу, алғашқы жарнасы азырақ жоба жасар деп үміттеніп еді. Ал министрлік онсыз да қолданыста бар «Бақытты отбасы» мен «Шаңырақ» бағдарламаларының шарттарын айтудан танбай отыр.    

Бақытжан Қашақов, ҚР ИИДМ Құрылыс және ткш істері комитеті төрағасының орынбасары:

- Ыңғайлы бағдарламаның барлығы бойынша қазір концепция әзірленді. Кезекте тұрғандар табыс көлеміне сәйкес үймен қамтылатын болады. Ең төменгі күнкөріс деңгейі бір еселенген шамадан төмендері арендалық үймен қамтылады, қалғандары 2 және 5 пайызбен төмендетілген несиемен қамтамасыз етілетін болады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қолдан сабын ұқсап сусып кеткен баспана бағасын енді уыстан шығармаймыз деп сендіре сөйлегені бар. Құрылысқа қажетті материалдардың 60 процентін енді өз елімізде шығарамыз деді.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Санфаянс, қыш тақтайлар, минералдық жылытқыштар, ағаш-сүректі тақталар және тағы сол сияқты отандық құрылыс тауарларымен қамтамасыз ету бойынша жаңа өндірістерді ашу көзделіп отыр. Бұл жобаларды енгізу ішкі нарықтағы импорт үлесін шамамен 60 %-ға төмендетуге мүмкіндік береді және құрылыс материалдары бағасының ауытқуын болдырмайды. 

Осы айтылғанның бәрін өзіміз өндірсек, баспана бағасын ырыққа көндіруге болатын еді. Алайда нарықты зерттеп жүрген мамандар бұған сене қоймады. Олар мұның барлығы 2025 жылға дейін жоспарланған дейді. Ал оған дейін әлгі заттарды бәрібір шеттен алдыруға тура келеді. Яғни елде алдағы 3 жылда баспана бағасы аздап болса да өсе береді.

Мақсат Халық, экономист:

- Мемлекеттен қандай бағдарлама әзірленсе де ол біріңғай емес, ол аз ғана топты қамтитын, аз ғана азаматтарды ғана қамтитын бағдарлама болып жатқаны бар. Бүгінге дейінгі бағдарламаның бәрі сондай. Жастарға арналған бағдарламаның өзі әрі кетсе мың адамды, екі мың адамды қамтиды. Қаншама жастар бар әлі күнге дейін баспанасыз жүр. 

Тұрғын үй бағдарламаларының операторы болып бекітілген «Отбасы банк» те, Индустрия және инфрақұырлымдық даму министрлігі де, тіпті инфляцияның өсіп кетпеуін қатаң бақылауы тиіс Ұлттық банк те көпке жағатын жобаны өздігінен жүзеге асыра алмайды. Ол үшін қайтпек керек? Экономист айтады, егер елде инфляция 4 процент деңгейінде сақталса,  базалық мөлшерлеме 5 процентке дейін төмендесе, онда екінші деңгейлі банктер де ипотеканы төмен пайызбен беретін еді. Міне осы кезде ғана бұқараға ыңғайлы біріңғай тұрғын үй бағдарламасын әзірлеуге болады екен.

Мақсат Халық, экономист:

- Нарықтық бағаның өзін түсіру керек. Инфляция 4 процент болса, базалық мөлшерлеме 5 процентке дейін түсі мүмкін. Тиісінше екінші деңгейлі банктер ғана ипотекалық несиелерді 6-7 процентпен беретін еді. Ондай кезде арнайы бағдарламаның да керегі жоқ. Ол кезде бүкіл халыққа тиімді болар еді.

Экономист тығырықтан шығатын жолды көрсетті ғой. Бірақ мұның қазіргідей қаржы қысқан кезде жүзеге аса қоюы екіталай. Министрлік ұсынған бағдарлама елдегі баспана мәселесін түбегейлі шешіп тастамайды. Біз тілдескен экономистің ойы осыған саяды.    

Дастан Сейілханұлы, Гүлзия Нақыпқызы, Наурызбай Құрманғазы