Енді үй жануарлары есепке алынады

2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап үй жануарлары есепке алынатын болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни ит-мысықтың қожайындары өз жануарларын міндетті түрде тіркейді. Ал әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға рәсімдеу бюджеттен төленеді. Бұл туралы бүгін экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Әлия Шалабекова мәлімдеді. Бұл нормалар Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңда көрсетілген. Ол наурызың бірінен бастап өз күшіне енеді. Бұл құжатта бұралқы иттерді аулауға шектеу қойылған. Енді мемлекет оларды стерильдеуге қаражат бөледі. Ал иесі бар жануарларды зарарсыздандыруға рұқсат берілмейді. Жаңа заңда бұқаралық ақпарат құралдарында жануарларға қатысты жасалған теріс әрекеттерді насихаттауға тыйым салынған. Сондай-ақ жануарларды мәдени ойын-сауық мақсаттарында, зертханаларда, үйде асырау және ұстау талаптары белгіленген.

Әлия Шалабекова ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:

– Жекелеген санаттағы жануарларды мәдени ойын-сауық мақсаттарында, эксперименттік, қызметтік, үй, қараусыз және қаңғыбас жануарларды асырау және ұстау кезіндегі талаптар белгіленген. Сондай-ақ барлық бұқаралық ақпарат құралдарында жануарларға қатыгездікпен қарауды насихаттауға тыйым салу және осындай насихаттың кез келген нысандарына тыйым салу енгізіледі.