Елордада Ауған соғысында қаза болған жауынгерлердің мемориалына гүл шоқтары қойылды

Бүгін Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 33 жыл толды. Интернационалист-жауынгерлер, жергілікті әскери ардагерлер мен қоғам қайраткерлері Ауған соғысында қаза тапқан қазақстандықтарға арналған мемориалға гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

10 жылға созылған Ауған соғысының ардагері Абай Апушев 1981 және 1988 жылдары екі рет әскери борышын өтеген. Еске алу күніне орай ол өз жасақтарын құттықтауға келді.

«Мен шекара әскерінде қызмет еттім. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің «Каскад» деп аталатын арнайы тобының құрамында болдым. Әрине, шекарашылар көмекші бөлім ретінде болды. Біз Газни провинциясындағы губернатордың үйін күзеткен едік. Сол кезде жас жігіттер түндерін ұйқысыз өткізіп, әскери борышын жауапкершілікпен атқарды», - дейді Абай Апушев.

Ауған соғысының тағы бір ардагері Нұрлан Ахметов бүгінде тарихшылар архивтерді мұқият зерттеп жатқанын, себебі көптеген даулы мәселе құпия болып қалғанын атап өтті. Бұдан бөлек, іздеу топтары қаза болған жауынгерлердің сүйегін іздеп, жерлеу үшін елге жеткізетінін айта кеткен.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жәкеновтің айтуынша, интернационалист жауынгерлермен кездесу балалар мен жасөспірімдерге патриоттық сезім ұялатады.

«Сіздердің ержүрек мінездеріңіз сол тұстағы ел басшылығы қойған міндеттерді шешуге мүмкіндік берді. Бұл өскелең ұрпақ үшін патриотизмнің ерлік үлгісі. Интернационалдық парызын орындау үшін өз өмірін қатерге тіккен сарбаздарды мәңгі есте сақтау – парызымыз», - деді Берік Жәкенов.