«SCAT» әуе компаниясы жолаушыларға жаңа жүйесін таныстырды

«SCAT» әуе компаниясы жолаушыларға қызмет көрсетудің жаңа жүйесін енгізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді әуе кемесінде қалаған орныңызды телефонмен таңдап, тамақтану мәзіріне де алдын-ала тапсырыс бере аласыз. Сондай-ақ жүгіңізді жаңа жүйенің көмегімен рәсімдеп, уақытты үйде отырып үйлестіресіз. Бұның барлығы Sabre цифрлы-коммерциялық платформасының арқасында қолжетімді болмақ. Бүкіл әлемдік пандемия әуе тасымалын тұралатып, қызмет көрсетуші компаниялардың ісін ілгері бастырмады. Бәсекелестік нарықта кідіріп қалуға болмайтынын ұққан «SCAT» компаниясы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, дамудың даңғыл жолын таңдады. Енді жолаушылар үшін қолайлы жүйе іске қосылды.

Владимир Денисов, «SCAT» әуе компаниясы» АҚ президенті:

–  Жолаушылардың шығыны өзгеріссіз қалады. Оны өсіруге негіз жоқ. Тек жаңа мүмкіндіктер игілігі мен қосымша жайлылық сыйлағымыз келеді.

Билетті сатып алу немесе оны ауыстыруды онлайн жүйеге қосқандар платформаны оңтайлы мүмкіндіктермен толықтырды. Енді әуе кемесінде қалаған орныңызды телефонмен таңдап, тамақтану мәзіріне де алдын-ала тапсырыс бере аласыз. Жүкті жаңа жүйенің көмегімен рәсімдеп, уақытты үйде отырып үйлестіресіз.

Салтанат Томпиева, ҚР азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:

– Жаңа жүйе тасымалдаушы компанияның операциялық тиімділігін арттырады. Билетті сату мен сатып алуды икемді басқаруға мүмкіндік береді. Бірінші кезекте жолаушылар үшін әуе тасымалдары қолжетімді болады.

 «SCAT» әуе компаниясы енді Sabre-мен серіктестік орнатты. Бұл әлемдік авиация саласындағы жетекші технологиялардың жеткізушісі.

Дино Гельметти, «Sabre Travel Solutions» агенттігінің вице-президенті:

– Sabre осы аймақтың дамуына айтарлықтай күш пен қаражатты жұмсап отыр. «SCAT» әуекомпаниясымен бірге серіктестік орнатып, жоспарлы жұмысты жандануға ниеттіміз. Осылайша, өңірлік бизнестің өркендеуіне жаңа технологиялар ұдайы жеткізіліп отыратын болады.

Биыл «SCAT» ұшу аумағын кеңейтіп, жаңа рейстерді көбейтуге ниетті. Алып компания жыл соңына дейін заман талабына сай 10 жаңа ұшақты да іске қосуға әзірленіп жатыр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов