Нұр-Сұлтанда КВИ бойынша эпидемиологиялық ахуал қандай?

Қазіргі уақытта инфекциялық төсектер 12%-ке жүктелген. Мұндай мәліметті қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жариялады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ведомствоның мәліметінше, 24 наурыз күні таңертең инфекциялық стационарларда КВИ жұқтырған 39 пациент емделіп жатыр, оның ішінде ӨЖЖ аппаратына 3 адам жалғанған, ал 12 адам реанимацияда жатыр.

Басқарма мәліметі бойынша, коронавирустық инфекциядан өлім-жітім көрсеткіші төмендеген. Ведомство бұған КВИ-ге қарсы вакцинация айтарлықтай ықпал еткенін атап өтті.

Сондай-ақ балалар мен жүкті әйелдер арасында да инфекция азайды. Қазір КВИ жұқтырған жүкті екі әйел емделіп жатыр.

Инфекциялық төсек жүктемесінің төмен болуына байланысты 275 орын бос. Оның ішінде 54 төсек реанимацияда орналасқан.

Елордада 490 мыңнан астам адам толық иммундаудан өтті. Бұл белгілі бір иммундық қабатты қалыптастырды, деп хабарлайды қалалық денсаулық сақтау басқармасы. Ал 102 мыңнан астам қала тұрғыны ревакцинациядан өтті.