Шымкентте автотұрақ тапшылығы кәсіпке кедергі болып тұр

Шымкентке қонаққа барсаң, жолға ертерек қамдан. Өйткені мейрамхана, дәмхана маңынан көлік қояр тұрақ таппайсың. Дүкенге кіре қояйын десең де осы.

Билік мәселені шешудің орнына "бұл жерде тұруға болмайды" деген белгіні одан сайын көбейтіп жатыр. Бұл қалай?  

- Бір машинаны порталға артады да қалған машиналардың номерлерін шешіп қорқытып, келген қонақтардың мазасын алып жатады. 

Бұл Шымкенттегі бизнес өкілдеріне тән ортақ мәселе. Соңғы уақытта шаһар көшелеріндегі автотұрақ жетіспеушілігі кәсіпкерлердің ісін тұралатып қойды. Мейрамхана мен дәмхана иелері келушілердің азайып кеткенін алға тартып отыр.

Ерсін Байымбетов, кәсіпкер:

- Қазіргі таңда менің АЗС-іме кіріп шығатын жол белгісіз. Бұрынғы кіріп шығатын жолымызға айналма жол түсіп жатыр. Бұл кісілердің айтып тұрғаны хатында бар бір жерден кіріп шығу. Ол жерде 4-ақ метр. 4 метр жолға екі машина қалай сыятынын мен түсінбеймін.

Ал Бауыржан Момышұлы көшесіндегі жағдай тіпті қиын. Мұнда кәсіпкерлік нысандары қаз-қатар орналасқан. Бірақ автотұрақ жоқ. Жүргізушілер жол жиегіне жақында ғана қойылған «Тыйым салынатын» белгіні байқамай, айыппұл арқалап жатыр.

Қуат Оспанов, көлік жүргізуші:

- Знак ол енді лищний. Алдында бұл жерде знак жоқ еді. Бұл жерге еркін машинаны қойып жүргенбіз. Қазір қоя алмаймыз машинаны. Мен өзім қазір дворлардың арасына қоямын. Өйткені қоятын болсаң нөміріңді шешіп алып кетеді. Одан кейін он есе болады шығын. Барлық жерде көлік қою өте қиын.

Шаһарда 250 заңды автотұрақ орны бар. Бірақ бұл күніне 500 мыңға жуық көлік қатынайтын қалаға аздық ететінін салаға жауаптылар да мойындап отыр. Бірақ кәсіпкерлер өз бизнесін іске қосарда көліктің тұрағы мен жайлы орнын да ойлап қою керек, дейді.

Мадияр Байымбетов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілі:

- Бізде 2018 жылы қала бойынша регистрация жасалған бар-жоғы 120 мың машина болған. Бүгінгі таңға 347 мың болды. 2 еседен де өсті. Негізгі мәселе мынау заңда бар негізі кәсіпкер өзінің зданиясына стоянка құруы керек.

Аталған мәселеге қатысты кеңестің кезекті отырысына кәсіпкерлердің көңілі толмады. Сондықтан бизнес иелері бұл жағдайға байланысты арнайы топ құрмақшы. Сөйтіп, салаға жауаптылардың алдына нақты мәселенің шешу жолын ұсынбақ.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов