Алматы облысында 50 мыңға жуық адам сенбілікке шықты

Қаланы тазалау, абаттандыру мен көгалдандыру шараларына облыстағы барлық мекеме, ұйымдар, коммуналдық қызмет салалары белсене қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24» Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Атап айтқанда, облыс бойынша 50 мыңға жуық азамат 4 мыңдай көшені, 18 мыңдай алаңқайды қоқыстан тазартты. Сол сияқты аймақтағы 200-ге жуық саябақты, 950 шақырым арықты қоқыстан арылтып, 14 мыңға жуық көшет егу жоспарланған.

«Бұл сенбілік Ораза айының алғашқы күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Бар мұсылман Ораза айын сағынышпен күтеді. Ораза – жан тазалығына бастаушы ай. Қабыл болсын! Біздің бүгін сенбілікке шығып, ауламызды, көшемізді, қаламызды тазартуымыз да сауапты іс. Соңғы екі жылда пандемиядан осындай сенбілікке шыға алмадық. Бүгін сол игі дәстүрді қайта жаңғыртып, белсенділердің бастамасымен сенбілік ұйымдастырылуда. Тұрғындар өз қалауымен тазалық жұмыстарына атсалысып, береке-бірлігін көрсетіп жатыр», – деді Талдықорған қаласында өткен сенбілікке қатысқан облыс әкімі Қанат Бозымбаев.