Маңғыстау облысында итбалықтардың неден қырылғаны тексеріліп жатыр

Экология министрлігінің мамандары Каспий теңізінің жағалауында Қаражанбас кен орнының су алатын бөгет аймағында 50-ге жуық итбалықтың өлексесі табылғаны туралы ақпаратты әлеуметтік желіде жариялады.

Бұл туралы ҚР ЭҚМБ Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Жайық-Каспий» өңіраралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының мемлекеттік инспекторлары итбалықтар қырылған жерге жедел жеткен.

Комитеттің мәліметінше, 2022 жылғы 26 сәуірде сағат 23:00-дегі жағдай бойынша бір-бірінен шалғай орналасқан әртүрлі жерлерде 22 итбалықтың өлексесі табылды. Инспекция қызметкерлері өлу себептерін анықтау үшін оларды зертханалық сараптамадан өткізбек.

«Қазіргі уақытта Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының инспекторлары балық шаруашылығы субъектілерінің аңшылар қызметімен бірлесіп итбалықтардың өлу себебі неден екенін және басқа да фактілерді анықтау мақсатында жағалау аймағы мен Каспий теңізінің басқа бөліктерін тексеруде. Зертханалық зерттеулер жүргізу үшін инспекция қызметкерлері итбалықтардың өлген жерінен су мен топырақ үлгілерін алмақ», – делінген Балық шаруашылығы комитетінен.

Бұл факті бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Микробиология және вирусология институтының, сондай-ақ Батыс Қазақстандағы «Гидробиология және экология институты» мекемесінің зертхана қызметкерлері де хабардар етілді. Жағалау мониторингі жалғасуда, қосымша ақпараттар болса, хабардар етіледі, – делінген комитеттің баспасөз қызметінде.