Алматыда бөртегүл гүлдеді

Орталық Азиядағы ең үлкен сирень алқабы Алматыдағы ботаникалық бақта орналасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір онда сиреннің екі мың түбі, жиырмадан аса түрі өседі. Бұған дейін алқапқа тұрғындарға кіруге рұқсат етілмейтін. Биыл алғаш рет сирингарийді тамашалауға мүмкіндік берілді. Ботаникалық бақтың ғылыми қызметкері Виктор Логтев сирень гүлі туралы айтудан жалыққан емес. Ол мұнда 25 жылға жуық еңбек етіп келеді. Маманның пікірінше, сирень аса күтімді қажет етпейді. Тек уақытымен артық бұталарын кесіп тұрса жеткілікті. Соңғы екі жылда үсік жүріп, дәл осылай гүлдемеген. Ал биыл жаппай бүр жарды.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

– Алматының ботаникалық бағына алғашқы сирень бұтасы 1958 жылы отырғызылған  Ол кезде сирингарий туралы мүлде ойға келмеген. 30 сотық қана жер берілген екен. Қазір оның көлемі 2 гектарға дейін ұлғайды. Мұнда сиреньнің 20-дан аса түрі өсіріледі. Оның сұрпының көбеюіне қазақстандық селекционерлер де атсалысып жатыр. Мәселен, мына сиреннің сұрпына ғалым Шоқан Уәлихановтың есімі берілген. Айта кетейік, сиреньді қазақтар мамырда гүлдейтін болғандықтан мамыргүл немесе бөртегүл деп те атайды.

Одан бөлек, жұпар гүл, иісті гүл, сырлы гүл деп атайды. Табиғатта 30- дан аса түрі кездеседі. Гүлдері қызғылт,сиякөк, көгілдір түсті болып келеді. Биіктігі 3 жарым метрге дейін өседі. Ал атауына келсек, Сиринга қыздың есімі деседі. Ол туралы түрлі аңыз бар. Қазір Алматы сирингариінде 100-ден аса сұрпы бар. Оның 20-дан астамы қазақстандық ғалымдарға тиесілі.

Виктор Дегтев, Дендрология зертханасының ғылыми қызметкері:

Самал, Снежный ком, Мәншүк, Әлия, Әжіғали деген сұрыптар бар. Бір қарағанда бәрі оңай сияқты. Осының бәрі тынымсыз еңбектің нәтижесі. Биыл алғаш рет алматылықтар мен қала қонақтарына кіруге рұқсат беріп отырмыз. Гүлді жұлып, бұтасын сындыруға болмайды. Алғанның өзінде тек қана қиып алу керек. Қызығушылық танытып келіп жатқандар көп.

Расымен сиринграийға келіп жатқандардың қарасы қалың. Барлығы да осы бір тамаша көріністі таспалап, суретке түсіріп қалуға асық. Сирень сәуірдің аяғы мен мамырдың басында бүр жарады. Гүлдеу мерзімі екі аптаға дейін жалғасады.

Тұрлан Әбіш, қала тұрғыны:

Өзіміз жұмыстан шаршаған кезде осы жерге келіп демаламыз. Нью-Йоркқа қызығамыз біз централ парк деп ауузынан су аққанша айтады. Өзімізде де Алматыда ботанический сад, Терренкур сияқты жерлер еш кем емес. 

Инесса Омарова, қала тұрғыны:

Өте керемет әсер алдым. Біз білмейтін сұрпы қаншама? Түстерін айтсаңызшы. Даланы жайнатып тұр. Қызым екеуіміз арнайы келдік. Ол 5 жапырақты түрін іздеп жүр. Соны тапсам тілегімді айтам дейді. Алып мегополистің ішінде осындай жердің болғаны ғажап емес пе?

Айта кетейік, сирень емдік мақсатта кеңінен қолданылады. Одан түрлі ауруларға тұнба мен жақпамай жасайды. Ал оның иісінің өзі қан қысымын ретке келтіреді. Бірақ демікпе мен аллергиялық ауруға шалдыққандарға сирень бағында көп жүруге болмайды.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Нұрдәулет Жақсыбаев