ШҚО тұрғындары ауданды қайта құруды сұрайды 

Марқакөлді жеке аудан қылу керек. Сонда шекарамыз шегенделіп, жоғымыз түгенделеді. Шығыс Қазақстанда шекара сызығының бойында жатқан ауыл-аймақ тұрғындары осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әйтпеген жағдайда бұл ауылдар құрып кетуі мүмкін, дейді олар. Айта кету керек, Марқакөл  ауданы осыдан 25 жыл бұрын Күршіммен біріктірілген болатын. Жергілікті жұрттың айтуынша, сол кезден бері біраз ауылдың орны ғана қалған. 90-жылдардың басына дейін Марқакөл ауданында 35 мыңнан астам адам тұрыпты. Мал-жанға бай,бау-бақшасы төгілген, әр ауылынан береке кетпеген озат аудандардың бірі еді, дейді көнекөздер. Алайда қалай көрші ауданға қосылды да күйі кете бастаған. Сондықтан  осындай шұрайлы да, құнарлы жер мүлдем босап қалмай тұрғанда ауданды қайта қалыпқа келтіру керек екенін айтады қоғам белсенділері. Оған негіз де жоқ емес екен.Өлкеде өндірісті дамытып,туризмге ден қою керек.

Абзалбек Мұғаметжанов, қоғам белсендісі:

– Қалжырдың өзінде Қаршыға, іргемізде Маңқан екі бірдей үлкен кеніш жұмыс істеп жатыр.Біздің бұрыннан болған қарттардың айтуынша, соғыс кезінде 15-ке дейін кеніш бопты осы жерде, соның бәрін қайта ашуға болады, ол құйып тұрған қаржы емес пе? Көлімізге туристер келеді, туризмнің өзі де ақша ғой.

Жергілікті жұрттың сөзінше, маңайдағы 14 ауылдың түтіні өшіп,орны қалған. Марқакөлдің өзінің де іргесі сөгіліп жатыр. Бұзылған ғимараттар, босап жатқан кеңселер көп.Мектебінде бұрын 1500-ға жуық бала оқыса, қазір одан 3-4 есе аз. Жері шалғай, жолы алыс аймаққа жас кадр де тоқтар емес. Кезінде дүрілдеп тұрған ауруханадан қазір білікті маман тауып көріңіз.

Ғалия Есболова, аудан тұрғыны:

– Бұрын өте тамаша болған, барлық дәрігерлер жеткілікті болған, қазір дәрігер жетпейді, хирург, гемотолог, кардиолог – көп врач жоқ.

Бір анықтама үшін бір күн уақытын жұмсап, ауылдықтар 200 шақырым жердегі  Күршімге сабылады.Қымбатшылық ол қысып барады, дейді мұндағылар. Әсіресе отын-судың бағасы шарықтап тұр.Дәл осы қалыптан өзгермесе, көш тоқтамасы анық.Сөйтіп кейінгі ұрпақ бұл жерді «архивтегі картадан»ғана көрер ме деп алаңдаулы қариялар.

Әділхан Тұрсынханов, аудан тұрғыны:

– Қазақтың шашылып жатқан жері тістегеннің ауызында, ұстағанның қолында кетеді деп қазақ айтпай ма? Осы жерге ие болсаңдар азаматтар, біз үлкен кісі болған соң айтамыз, қанша қалды бізге.Сендерге халқыма жер керек қой, Сондықтан Марқакөлге көңіл аударыңдар.

Шығыс Қазақстанда шекара шебіндегі бұрынғы аудандар – Қатонқарағай,Марқакөл,Тарбағатай, Мақаншыдан соңғы 25 жылда халықтың 50 проценттен астамы қоныс аударған. Бұл цифр осы аудандарды жабудың не халыққа, не үкіметке тиімді болмағанын көрсетеді. Ал саятсакерлердің айтуынша, қазір геосаяси тұрақтылық тұрғысынан аталған шекаралық аудандарды қайта ашатын уақыт жетті.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Тарихи әділеттілікті қалыпқа келтіру керекпіз, аудан ашылатын болса, адам потенциалы да,инвестиция да барады және ол өңірде әлеуметік-экономикалық жақсы динамика пайда болады. Сондықтан негізгі мәселе бүгінгі Қытаймен шекаралас Қатонқарағай, Марқакөл, Мақаншы ауандарын қайта ашу керек.

Көршілес елдерді бөліп жатқан сызық бойында неғұрлым халық тығыз болса, соғұрлым ел іргесі мығым деген сөз, дейді ұсыныс білдіргендер.Өйткені шекараны қорғайтын негізгі күш – сол жердегі ауыл-аймақ тұрғындары, яғни бейресми шекарашылар.

Авторлары: Эльмира Ахметова.Жігер Бабаханов

Сондай-ақ...