Бүгін «Батыр-панфиловшылар» шыңында еліміздің көк туы желбіреді

Әскери альпинистер «Батыр-панфиловшылар» шыңын ту тікті, деп хабарлайды «Хабар 24» ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тау дайындығы орталығы нұсқаушыларының командасы бұл жолғы жетістіктерін ҚР Қарулы күштерінің 30 жылдығы мен Жеңістің 77 жылдығына арнады. «Қарулы күштердің 30 жылдығына біздің ерен еңбегіміз!» ұранымен өткен шыңды бағындыру шарасына 18272 әскери бөлімі командирінің жауынгерлік және арнайы (тау) дайындық жөніндегі орынбасары, подполковник Аманжол Рахметов басшылық жасады», – деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Он адамнан тұратын топтың құрамында Қазақстанның танымал альпинистері, Қарулы күштердің әскери қызметшілері – майор Мақсұт Жұмаев, капитан Василий Пивцов, сержант Александр Софрыгиндер бар. Кәсіби шеберлігін тағы бір рет дәлелдеген альпинистер командасы шыңның ең биік нүктесіне Қазақстанның туын тікті.

Айта кетейік, теңіз деңгейінен 4120 метр биіктікке дейін жететін «Батыр-панфиловшылар» шыңы Іле Алатауының Кіші Алматы шатқалында орналасқан.