Жеңілдетілген автонесиелеу 30 жылға арналған – ҚР ИИДМ өкілі

Жеңілдетілген процентпен автонесие алу үшін тұтынушы алдымен көлік салонына барып, өзіне қажет темір тұлпарды таңдауы қажет. Көлік қолда бар болған жағдайда төлем қағазын алып, несие рәсімдеу үшін екінші деңгейлі банкке барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көлік иелену үшін тиісті құжат рәсімдері 5 күнге дейін жалғасады. Тұтынушы таңдаған автокөлік қолда болмаған жағдайда электронды кезекке қойылады. Жеңілдетілген автонесие бағдарламасының шарттары жайында бүгін қазақстандық автобизнес қауымдастығының өкілдері мәлімдеді. Көпшілік үміт еткен бағдарламаға тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары. Алғашқы банк түсткен кейін өтініш қабылдай бастады. Көлік салондарындағы темір тұлпар тапшылығы мәселесі алдағы уақытта шешіледі, деп сендірді жауапты ведомство өкілдері. Жыл аяғына дейін жалпы сұраныстың орнын толтыру көзделіп отыр.

Олжас Сапарбеков, ҚР ИИДМ индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары:

– 100 млрд теңгеге орта есеппен 10 мың адам автонесие рәсімдей алады. Біріншіден, біз бір күнде барлығына қызмет көрсете алмайтынымызды түсіну қажет. Екіншіден, автоөндіру жоспары бар. Көлік өндіріс артып келе жатыр. Барлық тұрғындардың сұранысын қанағаттандырамыз деп болжап отырмыз. Бұл бағдарлама бір күндік емес, ол 30 жылға шақталған.

Анар Мақашева, ҚАБҚ вице-президенті:

– Тұтынушы таңдаған көлік салонға шамамен қай уақытта жеткізілетіні хабарланады. Ай сайын жеткізілетін көліктер тұтынушылар арасында бөлініп отырады. Барлық көлік салондары үшін ереже бірдей. Банкте автонесие үшін қаржы жеткілікті болып, шарттар орындалған жағдайда, көлік жаңа иесіне беріледі.