ШҚО-ның Алтай ауданында гемодиализ орталығы ашылды

Бес жыл күткен мекеме. Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай ауданында гемодиализ орталығы ашылды. Осылайша енді Алтай және онымен көршілес Қатон-Қарағай ауданындағы науқастар жақын жерден ем-шара қабылдауға мүмкіндік алып отыр. Ал бұған дейін олар Өскеменге қатынап, сырқат меңдеп тұрса да алыс жолға шығуға мәжбүр болып келген еді.

Михаил Бесединнің гемодиализ ем-шарасын қабылдап жүргеніне 5 жыл болып қалды. Мына жасанды бүйрек жанын сақтап келеді. Дегенмен, мұндай дүние өңірде көп емес. Сондықтан Михаил неше жылдан бері облыс орталығына қатынап, ем-шара қабылдауға мәжбүр. Алыс әрі қауіпті жолды өткеріп, емханаға уақтылы жету үшін талай рет жанталасты.

Михаил Беседин,  емделуші:

- Мәселен, кейде сағат 11-де Өскеменге жету керек болады. Бес-алты сағат ерте шықсақ та кейбір күндері жол жабылып қалады. Тау арасындағы трассаны қар басып жатады. Ал маған қайткенде үлгеруім керек, оның денсаулығым үшін маңызы зор.

Сырқаттар жандары қиналса да кейде шыдауға тырысамыз дейді. Өскеменге аптасына 3 рет келу керек болса, олар екі ретпен шектеліп жүрген.

Ринат Фаткулин, емделуші:

- Біз облыс орталығына жетуін жетіп алғанымызбен бірнеше күн пәтер жалдауымызға тура келеді. Әрі-бері жүре бергенге жол да жаман, апат көп болады. Оның үстіне қаншама қаражат кетеді. Бұл да қиын. Онсыз да өміріміз дәріге тәуелді ғой.

Енді жаңа орталық ашылып, науқастардың бір уайымы азайды. Медициналық мекеме барлық заманауи құралдармен жабдықталған. Ем-шара өте жеңіл өтеді.

Азамат Қажыбайұлы, нефролог:

- Қазір дәл осы Алтай қаласына маңайдағы ауыл мен аудандардан сегіз науқас келіп жүр. Үлкен Нарын, Қатон-Қарағай ауылдарынан келіп жатқандар бар. Олар екі күндік сеанс қабылдап  қайтады. 

Жалпы өңірде созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен 345 адам тіркеуде тұр. Шалғайдағы талай аудан үшін гемодиализ орталығын ашу өзекті мәселе. Қазір Риддер қаласы мен Шемонайха, Тарбағатай ауданы осындай маңызды мекемеге мұқтаж. 

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Сондай-ақ...