Алматыда жылыту маусымына дайындық басталып кетті

Алматының кей аудандарында газ аз уақытқа өшіріліп, қайта беріледі. Сала мамандары мұның себебін қалада жүргізіліп жатқан жылу маусымына дайындықтың басталуымен түсіндіреді.  Айта кету керек, бұл жұмыстар алдыңғы жылыту маусымы аяқтала сала қолға алынды. Жылыту маусымына дайындық барысын «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басшылығы қатаң бақылауда ұстап отыр.

Алматы халқының саны өсіп, құрылыс нысандарының көбеюі газ желісіне жүктеме түсіретіні рас. Қаланың кейбір газ тарату станциялары мен газ желілерінің әбден тозығы жеткен, өткен ғасырдың 70 жылдары салынған олар жөндеу көрмеген. Қысқа мерзім ішінде 6200 шақырым газ желісін тексеруден өткізіп, ескіргендерін жаңалау қажет. Газ жүйесінің қуатын арттыратын жұмыстар да жасалуы тиіс. 

Шалқар Омарбеков, "Қазтрансгаз Аймақ» АҚ Алматы өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасары:

- Біз инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде жаңа аудандарды газға қостық. Ескі желілерді жаңарту жұмыстарын атқардық. Былтырғы жылы 426 диаметрлік трубаны 530-дық трубаға жұмыстары басталған болатын. Былтыр қыркүйек айында біткен жұмыстар жылу маусымы басталып кеткеннен кейін бізге қосуға мүмкіндік болған жоқ. Сондықтан жылу маусымы біткеннен кейін қайтадан қолға алып жатырмыз.

Жылыту маусымының сәтті өтуіне кешенді шаралардың дер кезінде жасалуы септігін тигізеді, сондықтан барлық жұмыстардың кесте бойынша жүргізілгенін қатаң қадағалап отырмыз, дейді газ саласының мамандары. 

Александр Толстобров, "Интергаз Орталық Азия" АҚ "Алматы" МГҚБ директорының бірінші орынбасары:

- Біз газ тарату станцияларында орнатылған жабдықтарды жаңғырту мен заманауи қондырғыларды орнату арқылы газ тапшылығының алдын алдық. Бұл құрал-жабдықтар көгілдір отынды тарату желілерінде қалыпты қысымды қамтасыз етуге жағдай жасайды.

Газды өшіру мерзімін азайту үшін жұмыс 13-17 маусым және 20-26 маусым аралығында екі кезеңмен жүргізіледі.

Қарлығаш Қайыпбекова, Нурдаулет Жаксыбаев